loader

Биыл әлемдік экономика үшін өте ауыр жыл болды

Биыл әлемдік экономика үшін өте ауыр жыл болды

Биыл әлемдік экономика үшін өте ауыр жыл болды.

Халықаралық қоғамдастық пандемия зардабынан айығып үлгермей жатып, жаңа геосаяси және экономикалық сын-қатерлермен бетпе-бет келді. Инфляция өсті, энергия бағасы қымбаттады. Мұндай дағдарыспен ел үкіметтері қалай күресті? Келер жыл әлемдік экономика үшін қандай болмақ?

Биыл Ұлыбритания, АҚШ мен Жапонияда инфляция деңгейі рекордтық көрсеткішке жетті. Салдарынан экономикасы дамыған елдерде азық-түлік пен жанармай айтарлықтай қымбаттады. Халықтың сатып алу қабілеті төмендеді. Құрамына 19 мемлекет кіретін Еуроаймақта алғаш рет инфляция 10 пайыздан асып кетті. Қымбатшылық тек Еуропа елдерін ғана қыспаққа алған жоқ. Аргентина мен Түркияда да баға айтарлықтай өсті. БҰҰ-ның мәліметіне сүйенсек, биыл дамушы елдерде кедей адамдардың саны 70 миллионға артқан. Инфляцияны тежеу үшін қазір әлем елдері қаржы-несие саясатын қатаңдатып жатыр. Дүниежүзі бойынша қаржы мекемелерінің төрттен үші бүгінде пайыздық мөлшерлемені көтерген. Бірақ соның өзінде экономикалық өсімнің бәсеңдегені байқалып отыр.   

Биыл энергетикалық қауіпсіздік те өте өзекті мәселеге айналды. Батыс мемлекеттері Украинадағы қарулы қақтығыс үшін Ресейге қарсы санкция салғаннан кейін Еуроодақ аумағына жеткізілетін жанармай көлемі қысқарды. Сөйтіп, кәрі құрлықта бұрын-соңды болмаған дағдарыс орнады. Соның салдарынан нарықты қымбатшылық жайлады. Блумбергтің есебінше, Еуропа елдері ресейлік импорттың азаюынан триллиондаған доллар шығынға батқан. Осының алдын алу мақсатында билік басындағылар аймақта сатылатын газдың шекті бағасын бекітіп, жасыл экономикаға көшуге кірісті.  

Биыл әлемдік валюталар үшін де қиын кезең болды. Мәселен, түрік лирасы небәрі 1 жылда ол 29 пайызға құнсызданып кетті. Сарапшылардың сөзінше, бұған Режеп Тайып Ердоғанның саясаты себеп болды. Өйткені түрік басшысы базалық мөлшерлемені азайтуды тапсырып отырған. Еуро үшін де биыл тарихи жыл болды. Еуроодақ валютасы соңғы 20 жылдағы ең төмен деңгейге дейін құлдырап, доллармен бірдей бағамға жетті. 

2023 жылы әлемдік экономика рецессияға ұшырайды. Ұлыбританиядағы экономикалық және іскерлік зерттеулер орталығы жуырда осындай болжам жасады. Мамандардың айтуынша, келер жылы өсім айтарлықтай баяулайды. Себебі мемлекеттер инфляцияны әлі де ауыздықтай алмай келеді. Болжам бойынша, жаһандық экономика тек 2028 жылға қарай бір-ақ тұрақталады. Ал жалпы ішкі өнім 2037 жылы ғана екі есе артады. Бұған көбіне дамушы мемлекеттер себепші болатын көрінеді.

Сондай-ақ...