loader


Украинада жертөлесі бар тамақтану орындарына сұраныс көбейген

Бір жылға жақындап қалған қарулы қақтығыс Украинаның ресторан бизнесіне түбегейлі өзгеріс енгізді.

Елде жертөлесі бар тамақтану нысандарына сұраныс артқан. Ал жарықсыз қалған кафе мен мейрамханалар, дизель-генераторларды іске қосып жұмыс істеп жатыр. Киевтегі кәсіпкерлермен Аида Қыдырбай кездесіп қайтты.

Ресми мәлімет бойынша Украинада, жалпы аумағы 1 млн шаршы метрден асатын жиырма жеті нысан қираған. Құрдымға кеткен сауда орталықтарындағы мыңдаған дәмхана мен кафелердің де жұмысы тоқтағаны белгілі. Жалпы қатты шайқас жүріп жатқан шығыс пен солтүстік облыстарды айтпағанда Киевтің өзінде тамақтану орындарына келетін адамдардың саны 70 процентке қысқарған.

Максим Ребенок, сатушы:

- Бір жылға жалғасқан соғыс бізді жаңа жұмысқа бейімдеп үлгерді. Дабылға да бойымыз үйренген сияқты. Әрине бұрынғыдай сауда жоқ, жарықтың жоқтығы бас ауруға айналды. Жаңа жыл кезінде кішкене қолымыз жүрді. Көбінесе Киевте сауданы шетелдіктер жасайды.

Соғыстың алғашқы аптасында Киевтегі тамақтану орындарының 80 проценті жұмысын тоқтатқан. Украинаның ұлттық мейрамханалар қауымдастығының мәліметіне қарағанда, елде 7 мың ресторан мен кафенің есігі жабылды. Бірақ , қиындықтарға қарамастан жұмысын жалғастырып жатқандар бар. Айталық маусым мен оныншы қазан аралығында Киевтің өзінде 700-ге жуық жаңа нысан ашылды. Бұл негізінен қаражатты көп қажет етпейтін шағын кафе, наубайхана және жеңіл тағам түрлерін әзірлейтін орындар.

Катерина Березенец, Киев қаласының тұрғыны:

- Біздің аудан бойынша кафелердің 80 проценті жұмысын тоқтатты. Жаз кезінде уақытша ашылғандары болмаса, қыс кезінде электр қуатынан қысылғандар қайта ашылған жоқ. Кафе мен дәмхаланалардың барлығы дерлік бағасын алпыс пайыза дейін өсірген, өйткені көптеген тағам түрлері шет елдерден жеткізіледі.

Сауда орталықтарындағы тамақтану орындары толықтай жекеге өтті. Өйткені үкімет талабы бойынша дабыл кезінде сауда нүктелері жұмысын төрт сағатқа, яғни дабыл аяқталғанша тоқтатуы қажет. Сондықтан көптеген кәсіпкерлер дәмханаларды жаппай жертөледе аша бастаған, ыңғайлы әрі қауіпсіз. Атап кеткен жөн,  McDonald's дәмханасы Украинада жұмыс істеп тұр.

Аида Қыдырбай

Сондай-ақ...