Қытай халқының саны күрт азайды
Мемлекеттік статистикалық бюроның мәліметінше, елдегі халық саны былтыр 850 мыңға қысқарып, 1 млрд 411 млн 750 мың адам болды.
Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, бұл – соңғы 60 жылда болмаған үрдіс. Қытай демографиялық дағдарысты бастан кешіп отыр. Оған қоса өмір сүру жасы ұлғайғаннан зейнетке шыққан тұрғындар артып, керісінше бала туу көрсеткіші төмендеген. Бұған "бір отбасы – бір бала" саясаты да кесірін тигізді. 2021 жылдан бастап мемлекет 3 балаға дейін рұқсат берген болатын. Сонымен қатар балабақша санын арттырып, қалаларда жас отбасылардың баспаналы болуына көмек көрсетіле бастады. Десе де бұл да айтарлықтай нәтиже бере қойған жоқ. БҰҰ-ның болжамынша, Үндістан 2023 жылы халық саны жағынан Қытайды басып озады.