БҰҰ Украинадан астық тасымалдайтын кемелерді тексеруді жылдамдатуға шақырды

Украинадан астық тасымалдайтын кемелерді тексеру ұзаққа созылып, бұл аталмыш шараға кедергі келтіруде.

Салдарынан 100-ден аса кеме Түркия суларында өз кезегін күтіп тұрып қалған. БҰҰ осылай деп мәлімдеді. Осы себепті ұйым тараптардан кедергілерді жойып, кемелерді инспекциялауды жылдамдатуға шақырды. Былтыр шілде айында Киев пен Мәскеу БҰҰ мен Түркияның арағайындығымен Украинаның астығын шетелдерге тасымалдау туралы келісімге келген еді. Уағдаластықққа сай Түркияда кемелерді тексеру орталығы құрылған.

Фархан Хак, БҰҰ Бас хатшысы ресми өкілінің орынбасары:

- БҰҰ тараптардың кемелерді көптеп тексеруге күш салуға шақырады. Оларды тез әрі тиянақты жүргізуге көңіл бөлу керек. Біз қазір күн сайын орта есеппен 3-5 инспекция жүргізе аламыз. Бірақ бұл үшін барлық тарап келісіп, бірлесіп әрекет етуі қажет.