Қытайда үй жануарларына сұраныс көбейді

5 жылдың ішінде нарық көлемі екі есе өскен. Тек ветеринар тапшы. Алдын ала болжам бойынша алдағы 3 жылда 400 мыңға жуық маман қажет болады.

Ци Синь – Қытайда үй жануарын асырап отырған 100 миллион тұрғынның бірі. Оның Сяо Е есімді иті бар. Елде жануарға деген сұраныс жыл өткен сайын артып, оларға қызмет көрсету орындары да көбейді, дейді Ци ханым. Қызметтер құны әр түрлі, отбасының мүмкіндіктеріне қарай таңдау жоғары. Мәселен, Ци ханым итті шомылдырып алу үшін шамамен 8 мың теңге төлейді. Абонемент сатып алған жағдайда, бұл баға үш есе арзан болады, дейді ол.

Ци Синь, Бейжің қаласының тұрғыны:

- Бейжіңде мұндай кішкентай итті асырау үшін айына шамамен 500 юань қажет. Бұл - иттің тамағы мен ойыншығына жұмсалатын ақша. Қазір Қытайдың барлық қаласында үй жануарларына арналған азық-түлік дүкендері, емханалар, сұлулық салондары, спа, клубтар бар. Біз жазда итімізді осындай клубқа жүзуге апарамыз. Яғни, тұтас индустрия қалыптасты. Сіз үй жануарын өзіңіз шомылдырып, көңіл көтересіз бе немесе арнайы орындардың қызметіне жүгінесіз бе – таңдау өзіңізден. Қызметтердің сапасы өте жақсы.

Тұрғындар көбіне үй жануарына қажеттінің бәрін онлайн алуды жөн көреді. Ал, танымал брендтердің көпшілігі - отандық өнім. Жалпы, Қытайда 200 миллионға жуық үй жануары бар. Бірақ, ветеринар тапшы. Қазір елде 140 мыңға жуық қана маман бар. Ал болжам бойынша, алдағы 3 жылда кемі 400 мыңға жуық дәрігер қажет.

Ван Сичун, ветеринарлық медицина факультетінің деканы:

- Әрі қарай жұмысқа орналасу мәселелерін ескере отырып, біз ішкі және жұқпалы аурулар, хирургия, акушерлік, паразиттер және клиникалық сынақтар сияқты жануарларды емдеуге арналған арнайы курстар ұйымдастырамыз.

Сонымен, Қытайда үй жануарлары нарығы қарқынды дамып келеді. Небәрі 5 жылда ол 2 есе өсті. Ал 2025 жылға қарай 120 млрд долларға дейін ұлғаяды, деп күтілуде.