АҚШ-та ауыр қылмыс көбейді

Жыл басталғалы АҚШ-та қоғамдық орындарда 44 жаппай оқ ату дерегі тіркелді. Бұл – 2014 жылдан бергі ең нашар көрсеткіш, деп хабарлайды «Хабар 24».

Демек қару-жарақ қолданумен зорлық-зомбылық жиілеп кеткенін білдіреді. Тіпті Вирджиния штатында бастауыш сынып оқушысы мұғалімін атып жаралап, қоғам дүр сілкінді. Байден әкімшілігі қару-жарақ дүкендерінің жұмысын қадағалап, жасөспірімдерге суық қаруды сатуды шектейтін заң қабылдағанымен, айтарлықтай нәтиже болмай тұр.

Нұрбек Бекен, тілші:

- Тек қаңтардың 30-ы күні бір тәулікте Техас, Иллинойс, Алабама штаттарында жаппай оқ атылған бірнеше оқиға тіркелді. Бей-берекет атылған қаңғыған оқтың құрбандары негізінен кәмелтке толмағандар екен. Мұндай жайттардың жиілеп кеткені соншалық, АҚШ-тағы Қазақстанның консулдық қызметі WhatsApp арқылы отандастарымызды халық көп жүретін жерлерде сақ болуға шақырды. Қару-жарақпен жасалатын зорлық-зомбылық деректерін тіркейтін сайттың мәліметі бойынша, жаңа жыл басталғалы тек Калифорния штатында 3 қайғылы оқиға болып, 20-ға жуық бейбіт тұрғын оққа ұшты.

Пьер Атлас, Пол Генри атындағы қоғамдық және қоршаған ортаны қорғау мектебінің аға оқытушысы:

- Америкалықтар үшін мылтық жай ғана құрал емес. Бұл – еркіндік пен жеке қауіпсіздіктің символы, кепілі іспеттес. Көбі өзін үшін қару ұстап жүруім керек деп санайды. Бірақ ондай атыс қаруын алып жүру зорлық-зомбылықты арттыруы мүмкін. Ал қару-жарақ туралы заңды реформалап, оны бақылауға алу туралы талқынала бастаса, қару иелері еркіндікті шектеп жатыр деп қарайды.

АҚШ-та қару-жарақ саудалайтын дүкендер әлі де емін-еркін жұмыс істейді. Былтыр президент Джо Байден бей-берекет оқ атудың алдын алу үшін жартылай автоматтарды бұрын отбасында зорлық көрсеткендерге және жасөспірімдерге сатуды шектейтін заңға қол қойды. Бірақ күніне атыс қаруынан 100 адам өліп, 200 тұрғын жарақат алса да, Конгресс қаруды қатаң бақылау туралы заңды қабылдай алмай отыр. Өйткені оған қарсы тарап өздерінің конституцияда рұқсат берген құқықтарын алға тартады.

Пьер Атлас, Пол Генри атындағы қоғамдық және қоршаған ортаны қорғау мектебінің аға оқытушысы:

- Қаруды бақылау туралы заңды қатаңдату зорлық-зомбылықтың қаншама түрі бар екенін түсінуден басталады. Оны азайтудың белгілі бір жалпы тәсілдері бар. Мәселен, қауіпті немесе психикалық тұрақсыз адамдарға қару сатуды шектеу жақсы бастама болар еді. Сондай-ақ балалар қару ұстаса, оның жауапкершілігін ата-анасына, ересектерге арту керек. Міне, мұндай заңнамаларды көптеген америкалықтар, соның ішінде қару сатушылар қолдауы мүмкін.

Қазір Америкада қару-жарақ саны халықтың санынан көп. Соңғы 20 жылда елде өндірілетін суық қарудың көлемі 3 есе өскен. Былтыр АҚШ-та 641 жаппай оқ ату дерегі тіркелді.

Авторы: Нұрбек Бекен.