Терроршылардың арбауына ересектермен қатар балалар түсіп жатыр

ХХI ғасырда адамзатқа төнген қатердің бастысы экстремизм мен терроризм.

Қазір бала тұрмақ үлкендердің өзі содырлардың арбауына түсіп жатыр. Әлемдік қауымдастыққа бұрын-соңды болмаған қауіп туғызған лаңкестік ұйымдардың әрекетіне Біріккен Ұлттар Ұйымы да алаңдаулы.

Пәкістанда лаңкестер лаңына қарсы шеру өтті. Оған жергілікті тұрғындардан бөлек тәртіп сақшылары да қатысты. Қолға плакат ұстап, ұрандатқан азаматтар жуырда мешітте болған террорлық шабуылға кінәлілерді жазалауды талап етті. AFP агенттігінің мәліметіне сәйкес, қазір осы іс бойынша 23 адам қамауға алынған. Естеріңізде болса, 30 қаңтар күні Пәкістанның Пешавар қаласындағы мешітте жойқын жарылыс болып, 100 адам опат болған еді. Тағы 100-ге жуығы жарақат алды. Осыған байланысты ел премьер-министрі кінәлілерге қатаң шара қолданылатынын мәлімдеді. 

Австрияда терактті қолдағандар сотталды

Венада террорлық шабуылға қолғабыс еткендерге сот үкімі шықты. Екі адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Тағы 4 қылмыскер 2 жылдан 20 жылға дейін түрмеге қамалды. Десе де, қарсы тарап сот шешіміне наразылық білдіріп, істі қайта қарауға өтінім беретінін мәлімдеп отыр. Еске салайын, осыдан екі жыл бұрын Вена орталығында 20 жастағы австрия азаматы адамдарға оқ атқан еді. Салдарынан 4 адам көз жұмды. 23 тұрғын жараланды. Кейін бұл шабуылға жауапкершілікті қазақстанда тыйым салынған ДАИШ тобы өз мойнына алды. 

Терроризмге қарсы күрес бағдарламасы 

Шотландияда 15 жасқа дейінгі балалардың үштен бірі экстремизмнің ықпалына түседі. Бұл соңғы 2 жылда жүргізілген терроризмге қарсы күрес бағдарламасының қорытындысы. Оған сәйкес, осы уақыт аралығында ел аумағында террористік ұйым¬дарға қатысы бар 91 адам анықталған. Дені ер азаматтар. Үштен бірі 15 пен 20 жас аралығындағы жеткіншектер.