Өзбекстан қорғаныс саласын күшейтіп жатыр

Оңтүстіктегі көршіміз қорғаныс саласын күшейтіп жатыр.

Өзбекстанның мемлекеттік қауіпсіздік қызметі таяуда 600 мың долларға тең АҚШ-тың әскери техникасын алды. Бақылау жүргізуге арналған құрал-жабдық, ядролық қаруды таратпау жөніндегі қор тарапынан қайтарымсыз негізде берілді. Былтыр қараша айында да АҚШ қарулы күштері Өзбекстанға 50 әскери тактикалық көлікті ұсынған болатын.

Келісім «Серіктестердің әскери әлеуетін көтеру» атты бағдарлама аясында жүзеге асты», - дейді осы елдегі американдық дипломаттар. Бұған дейін ұсынылған әскери көмектің жалпы сомасы 3 млн долларға шамалас. Жалпы Өзбекстан Президенті Қарулы күштерді жабдықтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрып, оған қару-жарақ жасайтын ірі кәсіпорын жетекшілерін қосты. Қазір елде саладағы өндірісті арттыруға және шетелдік компаниялармен ортақ кооперация құруға басымдық беріліп отыр. Енді ала шапанды ағайын оңтүстік шекарада қауіпсіздікті күшейтеді. Себебі кейінгі кезде Ауғанстанда жағдай қайта ушыға түскен.

Валерий Бирюков, саясаттанушы:

- Өзбекстан қарулы күштерді нығайтып, заманауи техника сатып алуға мәжбүр. Бір бөлігін өзі де жасауға қабілетті. Әлемдік геосаясат пен Ауғанстандағы тұрақсыздық осыған тәуекел еткізіп отыр. Оның үстіне елде 2017 жылы құрылған қорғаныс өнеркәсібі жөніндегі мемлекеттік комитет бар. Қазір ол Өзбекстанда арнайы әскери техника бөлшектері мен басқа да жабдықтары шығару ісін жолға қойды.