Түркиядағы қазақстандық құтқарушылар жұмысқа кірісті
Түркияға жедел жеткен қазақстандық құтқарушылар Ибрахимили ауданында іздестіру-құтқару жұмыстарына кірісті. Бұл жайында Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жедел ақпарат бойынша құтқарушылар үйінді астынан қаза тапқан адамның денесін шығарды. Құтқару жасағы екі топқа бөлінді. Әрқайсысы қираған тұрғын нысандарды тексеруде. Тексеріліп жатқан бірінші ғимарат - ол 6 қабатты тұрғын үй. Оның толық қирау қаупі бар. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, үйінді астында адамдар қалуы мүмкін. Сондықтан кинологтар иттермен іздеу жұмыстарына кірісті. Екінші нысан - толығымен қираған тұрғын үй. Онда да адамдар болуы мүмкін. Жалпы бұл учаскеде қазақстандық мамандар конструкцияларды бөлшектеп, іздеу жұмыстарын одан әрі жүргізу үшін үйінді астына түседі. Екі нысанда да құтқарушылар адамдардың болу фактілері толық жойылғанға дейін жұмыс істейтін болады.