Түркияда қаза тапқандар саны 6 мыңға жуықтады

Түркияда жер сілкінісі құрбандарының саны сағат сайын артып келеді.

Соңғы мәлімет бойынша елде қаза тапқандардың саны 6 мыңға жуықтады. Табиғи апаттың зардаптарын жоюға түрік және шетелдік 16 мыңнан астам құтқарушы жұмылдырылды. Жағдай әсіресе, Кахраманмараш, Хатай және Адияман қалаларында күрделі. Бұдан бөлек, елде зілзаладан зардап шеккендер көршілес провинциялардағы қауіпсіз мекендерге эвакуацияланды. Соның ішінде, 50 мың кісі Анталияда қысқы маусымға жабылған қонақүйлерге орналастырылмақ.

Фуат Октай, Түркия Вице- Президенті:

- Осы уақытқа дейін жер сілкінісінен 5894 азамат қаза тапты. 34 810 зардап шеккен, 5 775 ғимарат қираған, 8 мың адам үйінді астынан шығарылған. Іздестіру-құтқару іс-шаралары жүріп жатыр. Бұл жұмыстар үйінді астындағы соңғы азамат табылғанша жалғасады.

Іздестіру-құтқару жұмыстарына Түрік әскері жұмылдырылды. Аймаққа қосымша сарбаздар мен командалық батальондар келді. Әскери казарма мен жатақханаларға зілзаладан зардап шеккендер орналастырылды.

Хулуси Акар, Түркия Қорғаныс министрі:

- Жер сілкінісі болған аймақта барлығы 7500 сарбаз жұмысын жалғастырып жатыр. Сонымен қатар, ертеңнен бастап бұл іс-шараларға қосымша 1500 адам қатысады. Сондай-ақ облысқа батыс аймақтардан біздің тоғыз командалық батальон жөнелтілді.