Түркия мен Сирияға әлем елдері көмектесуге күш салып жатыр

Зілзаладан жапа шеккен Түркия мен Сирияға әлем елдері барынша көмектесуге күш салып жатыр.

Осы уақытқа дейін қос мемлекетке 50-ден аса ел құтқарушыларын жіберіп, гуманитарлық көмек аттандырған. Кеше Пәкістанның Лахор қаласынан 16 тонна жүк пен мыңнан аса маман бауырлас түрік Республикасына жолға шықты. Ал Үндістаннан тағы бір топ дәрігер аттанды. Германияның Кёльн қаласынан үйретілген иттері бар 50 құтқарушы Түркияға бет алды. «Мамандар зілзаладан әлі де тірі қалғандар болуы мүмкін», - дейді. 

Стефан Хайнц, құтқарушы:

- Жер сілкінісінен бері көп уақыт өткеніне қарамастан адамдардың тірі қалатын кездері болады. Әсіресе қатты жарақат алмай үйінді астында тек көміліп жатса, тірі алып шығуға мүмкіндік мол. Бірақ қазір ол жақта күн салқын деп естідік. Сондықтан кесіп айту қиын.

Жапа шеккендерге әр елдегі жеке ұйымдар да қолдан келгенше көмектесуде. Канаданың Онтарио қаласындағы түрік қауымдастығы суық хабарды ести сала жерлестеріне қыстық киім, азық-түлік және басқа да қажетті заттарды жинауға кіріскен. Шараны ұйымдастырушылар жуық арада Түркияға алғашқы көмегін жөнелтпекші.