Құтқарушылардың екінші тобы Түркияға аттанды
Қазақстандық құтқарушылардың екінші тобы Түркияға жіберілді.
Еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері, зілзаланың салдарын жою үшін көмекті күшейте түспек. Жер дүмпулері әлі де байқалатын аумақта жағдай қиын. Сондықтан Түркиядағы жедел штаб, тағы да көмек керегін жеткізген. Қазір әуежайдан Анадолы еліне 56 құтқарушы аттанды. Айта кету керек, құтқару жұмыстарына тәжірибелі мамандар жіберіліп жатыр.
Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
- Біз Түркия еліне жіберген мамандар тобын күшейту туралы шешім қабылдадық. Ол жайлы Мемлекет басшысы мен Үкіметке хабарладық. Нәтижесінде міне бүгін тағы 56 адам жіберіп жатырмыз. Олар барлық қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген. Арасында медициналық қызметкерлер де бар. Қажет болса, олар өзіміздің құтқарушыларға жәрдем бере алады. Сондай-ақ бортта жеңіл жедел құтқару техникасы да бар.