Сирияда құтқарушылар қиындыққа тап болды
Сирияда жер сілкінісінен қатты зардап шеккен Алеппо қаласының тұрғындары көшеде түнеп, көліктерді паналауда.
Адамдар «Зілзала қайталана ма?»,- деп үй жайларына оралуға қорқып жүр. Шаһарда үйінді астында қалғандарды іздестіру-құтқару жұмыстары күні-түні жүріп жатыр. Алайда тұрғындар қажетті техниканың аздығынан құтқарушылардың жұмысы баяу-деп наразылық танытуда.
Юсеф , жергілікті тұрғын:
- Менің әке-шешем мен бауырым және қарындасым мен оның баласы құлаған үйдің астында қалып қойды. Зілзала болған соң үйіндіден олардың дауыстарын естіген едім. Бірақ құтқарушылардың арнайы құрал-сайманының жоқтығынан үйінділерді аршу баяу жүріп жатыр.
Халықаралық ұйымдар да Сириядағы ахуалға қатты алаңдаулы. Себебі 12 жылға созылған азамат соғысынан мемлекет әлі ес жиған жоқ. Сирия билігінің елді тұтастай бақылауға алмағанын ескерсек, бұл өз кезегінде халықаралық қауымдастықтың көмек беруіне де қол байлау болмақ.