Түркияда Мұстафа Өзтүріктің туыстары зардап шекті

Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоған жер сілкінісі болған Кахраманмараш провинциясына барды.

Мемлекет басшысы зардап шеккендермен кездесті. Түрік президенті 1 жыл ішінде 10 өлкеде қираған ғимараттарды қалпына келтіру жұмыстары аяқталады, деп сендірді. Жаңадан үйлер салынып, тұрғындарға көмек көрсетіледі. Соңғы мәліметке сүйенсек, апаттан 8500-ден астам адам қаза тапты. Тағы 40 мыңнан астамы жарақат алған.  

"Ешкім елеусіз қалмайды". Бұл түрік президентінің зардап шеккен өңір тұрғындарымен кездесуінде айтқан сөзі. Реджеп Тайип Ердоған жаңа үйлер дайын болғанша тұрғындарды қонақ үйге орналастырылады, деді.   

Реджеп Тайип Ердоған, түркия президенті:

- Қазір біз Анталия, Алания мен Мерсиндегі қонақүй иелерімен келіссөз жүргіздік. Егер тұрғындар қаласа, сол жаққа жіберуге әзірміз. Себебі мына жердегі уақытша шатырлар адамдарға қолайсыздық туғызуы мүмкін. Ал қонақ үйлерде барлық жағдай жасалған.  

Апат аумағы мың шақырым

Ресми органдар жер сілкінісінен кейін аймақта 11 мыңнан  аса ғимараттың қирағанын хабарлады. Мыңдаған үй жермен жексен болды. Осы уақытқа дейін қуаты әртүрлі 684 сейсмикалық толқу тіркелді. Билік тұрғындардың қауіпсіздігіне алаңдаулы. Сол себепті апатты ғимараттардың маңына жақындамауды ескертеді. 

Мұрат Курум, Қоршаған орта, урбанизация және климаттың өзгеруі министрі:

- Шығын көп. Құтқару жұмыстары күні түні жалғасуда. Із-түссіз жоғалған адамдар да бар. Измирде үйінді астынан кішкентай балалар құтқарылды. Бұл оқиға сәл де болса көңілге демеу.

Еріктілер көмекке барды

Өкінішке қарай, Хатай провинциясында екі қандасымыз үйінді астында қалып қойған. Олар Мұстафа Өзтүріктің туыстары екені белгілі болды. Нұрай және Бушра Қазаққа көмектесу үшін Ыстамбұлдан бір топ ерікті жолға шықты.

Еркан Шалышкан:

- Қазір Антакияға (Хатайға) кірдік. Жүк көлігінің ішіндеміз. Жығылған үйіміз бар. Үйіндінің ішінде қазақ әпкеміз бен қарындасымыз бар. Соларға көмектесу үшін бара жатырмыз. Жолдар өте қиын. Машиналар жүрмейді. Көмек үшін фурамен жүрміз. Ішінде аттар бар. Сол көмекке апаратын. Тез уақытта жетуіміз керек. Әпкеміз бен қарындасымыз үш күннен бері жығылған үйдің астында. Соған тез көмек сұрап отырмыз. 

Жер сілкінісі аймағында 50 мыңнан астам шатыр құрылған. Онда зілзаладан зардап шеккен тұрғындар орналастырылады.