Түркияға барған екінші арнайы борт елге оралды
Бүгін Түркияға Қазақстандық құтқарушыларды апарған екінші борт елге оралды.
Арнайы рейс қайтар жолда Анадолы елінен 42 отандасымыз бен 22 қырғыз азаматын алып қайтты. Дені - әйелдер мен балалар. Сондай-ақ Анадолы жерінде білім алып жатқан студенттер бар. Айтуларынша, арнайы бортқа үлгере алмай қалған қазақстандықтар әлі де бар. Елге қайтқандардың барлығы бүгін елордадағы қонақ үйге тегін жайғастырылатын болады. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін арнайы бортпен Түркиядан 18 азамат қайтарылған болатын. Оның 16-сы отандасымыз болса, екеуі қырғызстандық.
Тансель Терджан, қонақ үйдің бас менеджері:
-Біз 45 адам жайғаса алатын 15 бөлме дайындап қойдық. Келген адамдар қалағандарынша тегін тұра алады. Түркиядағы апат біздің де қабырғамызды қайыстырды. Шетте қала алмадық. Біздің қонақ үй желісіміз Анталья мен Кемер қалаларында да 1 мың адамды тегін қабылдауға әзір. Кез келген зардап шеккен адам келе алады. Тұру және тамақтану тегін.