Түркия мен Сириядағы зілзала: үйлер астынан тірі адамдар әлі табылып жатыр
Түркия мен Сирияда жер сілкінісінен кейін 3 күндей уақыт өткенімен үйінділер астынан тірі қалған адамдар табылып жатыр.
Түркияның Антакия қаласында испаниялық құтқарушылар 62 сағат бойы ғимарат астында болған бір адамды аман-есен шығарып алды.
Жойқын жер сілкінісі болған Газиантеп қаласында құтқарушылар 25 жастағы Фатьма есімді әйелді үйінді астынан шығарды.
-Жер сілкінісі болғанда үстіме үйдің қабырғасы құлады. Қасымда сіңілім жатқан еді. Бірақ оның дауысын естімедім. Оған бірнеше рет қолымды созғанымен, қимылдай алмадым.
Сириядағы Идлиб қаласында еріктілер тас-талқан болған үйдің астынан кішкентай қызды тауып алды.
Жеткіншек үйінділердің астында үш күн жатқан. Апат аймағында құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.