Инновациялық дәрілер Қазақстанда шығарылады
Лондонда Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі және халықаралық биофармацевтикалық компания өкілдері өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Шараға Тұманды Альбиондағы тілшіміз Ғалымжан Қараманұлы да қатысып қайтты
«АстраЗенека» - онкология, кардиология, нефрология, тыныс алу және аутоиммундық, сондай-ақ сирек кездесетін ауруларға қарсы медициналық препараттар шығаратын халықаралық компания. Бас кеңсесі Кембриджде орналасқан. Өнімдерін әлемнің 100-ден астам елінде миллиондаған науқас пайдаланады. Стратегиялық ғылыми-зерттеу орталықтары 4 ірі дүниежүзілік биоғылым кластерлерінің жанында орналасқан.16 елде 28 өндірістік алаңы бар. Енді олардың қатарына Қазақстан да қосылмақ.
Тимур Сұлтанғазиев, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бірінші вице-министрі:
-Президентіміздің сайлауалды платформасы бойынша отандық дәрілерді шығаруды 50 пайызға дейін жеткізу туралы тапсырма берілген болатын. Оның арқасында біз «АстраЗенекамен» сәйкесінше меморандумға қол жеткіздік.
«АстраЗенека» бастапқыда қазақстандық дәрі-дәрмек шығаратын компаниялардың базасында жұмыс істейді. Жыл өте келе жеке зауыттарын салу жоспарда бар. Компания ашылған жағдайда миллиондаған доллар ел экономикасына инвестиция салып қана қоймайды. Жаңа жұмыс орындары ашылады. Ал оған дейін отандық мамандар британиялық технологияны үйренеді. «АстраЗенеканың» Қазақстанда өкілдік болып тіркелгеніне 15 жыл болған. Енді оның жұмыс ауқымы кеңейіп, ынтымақтастық жаңа сапалық деңгейге көтерілмек.
Александр Таришкин, «АстраЗенека» компаниясының Қазақстандағы өкілдігінің директоры:
-Бұған дейін 40-қа жуық препаратымызды тіркеген едік. Тағы 15 инновациялық дәрі-дәрмекті елге әкелу ойымызда бар. Алдымен 4 препаратымызды шығаруды жоспарлап отырмыз. Олар онкология, кардиология, диабет, респираторлық және сирек кездесетін ауруларды емдейтін дәрілер.
Дэвид Бойд, «АстраЗенека» компаниясының Ұлыбритания үкіметімен байланыс жөніндегі департамент директоры:
-Пандемиядан кейін көптеген мемлекеттердің халық денсаулығына алаңдаулы екеніне көзіміз жетті. Болашақта еш қауіп төнбеу үшін дәрі-дәрмектердің таусылып қалмауы өте маңызды. Бүгін түсіністік туралы меморандумға қол қоя отырып, Қазақстан үкіметімен әріптестікте жұмыс істеуге және халықты үздік медициналық препараттармен қамтамасыз етуге дайын екенімізді айтқымыз келеді.
Денсаулық сақтау министрлігі басқа да жаһандық фармацевтикалық мекемелермен әріптестік орнату бағытында жұмыс істеп келеді. АҚШ, Жапония және Еуропа елдерінің жетекші компанияларымен фармацевтика және денсаулық сақтау саласында ұзақ мерзімді ынтымақтастықты нығайту жоспарланып отыр.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы