Түркия мен Сирияда қаза тапқандардың саны 30 мыңға жуықтады

Түркияда зілзаладан құрбан болғандар саны 30 мыңға жуықтады.

Бұл туралы осы елдің Төтенше жағдайды үйлестіру орталығындағылар мәлімдеді. Бір өкініштісі, қаралы күндерде елде тонаушылар көбейген. Әділет министрі Бекир Боздақ 57 ұрының қамауға алынғанын айтты. Президент Режеп Тайып Ердоған қолға түскен қаскүнемдерді қатаң жазалау туралы арнайы жарлық шығарды. Үйінділерді аршу, жоғалғандарды іздеу жұмысы қарқынды жүріп жатыр.

Мұса Бозқұрт, жергілікті тұрғын:

- Барымыздан айырылдық. Жақындарымызды жоғалттық. Осы зілзалада әкем мен ағам қайтыс болды. Әйелім мен балаларым ұшты-күйлі жоғалып кеткен. Енді солардың тілеуін тілеп отырмын. Құр сүлдеріміз қалды.

Сирияда жер сілкісінен көз жұмғандар қатары 3500-ден асты. Бұл оппозициялық құтқарушы күштердің мәліметі. Ресми биліктің дерегі бұдан 2 есе аз.