Грузияда сейсмикалық талаптар назарға алынды
Түркиядағы табиғат апатынан кейін Грузияда тұрғын үйлердің, сейсмикалық төзімділігі жайында мәселе көтерілді.
Елде жер сілкінісі жиі болып тұрады. Дегенмен олардың күші анау айтқандай күшті емес. Мамандар 7 балдан жоғары зілзала болса, Батуми мен Тбилисиге ауыр тиетінін айтады. Өйткені қос қалада құрылысқа қатысты түйткіл көп.
Грузия, бүкіл Кавказ өңірі секілді сейсикалық белсенді аймаққа жатады. Сол себепті жер сілкінісі жиі тіркеледі. Сақтықта қорлық жоқ демекші, Түркиядағы табиғат апатынан кейін мамандар құрылыс сапасына қатысты мәселе көтерген. Нәтижесі көңіл көншітпейді. Бір ғана Тбилисидегі тұрғын үйлердің 80% сейсмикалық төзімділік талаптарына сай емес. Бірақ мамандар: «дүрбелең салуға негіз жоқ», -дейді.
Михеил Церодзе, Жер туралы ғылымдар институты директорының орынбасары:
- Нақты мынадай күні нақты осынша балдық зілзала болады десе, бұл өтірік. Қандай маман болмасын, оған сенбеңіздер. Өйткені жер сілкінісін алдын ала болжау мүмкін емес.
2020-шы жылы Тбилисиде 4,5 балдық зілзала болған. Ол кезде 8 адам қаза тапты. 18 мың ғимаратқа зақым келіп, 70 мың тұрғын баспанасыз қалды. Тұрғындар бұдан да күшті жер сілкінісі тіркелсе, салдарын ойлаудың өзі қорқынышты дейді.
Михеил Церодзе, Жер туралы ғылымдар институты директорының орынбасары:
- Батуми мен Тбилисиді салыстырсақ, соңғысы сейсмикалық белсенділігі жоғары аймақта орналасқан. Бірақ бұған қарамастан, онда биік үйлер салынып жатыр. Олар сейсмикалық талаптарға сай келе, ме жоқ па - жіті тексеру жүргізілмеген. 5 не 6 балдық зілзала кезінде не боларын болжау қиын.
Көрші Арменияда 1988 жылы алапат жер сілкінісінен кейін Грузияда ғимараттардың сейсмикалық төзімділігіне қатысты талап қатаңдатылған. Оған сәйкес, Тбилисидегі үйлер 8 балдық зілзалаға шыдас беруі тиіс. «Бірақ қазіргі құрылыстар сол талаптарға сай келе ме, жоқ па», - бұл басқа мәселе дейді мамандар.
Ираклий Ростомашвили, сәулетші:
- Кейбір тұрғындар үйлеріндегі көтергіш қабырғаларды бұзып жатады. Енді біреулер балконын алып тастайды. Мұндай жағдайлар Тбилисиде жиі кездеседі. Бұл үлкен проблема. Біздегі тағы бір үлкен мәселе - бұл ескі үйлер.
Негізі Ескі Тбилиси - Грузияның бетке ұстар орындарының бірі. Туристер арасындағы танымал жер. Бірақ сәулетшілер шаһардың бұл тарихи бөлігінде үйлердің түгелі дерлік апатты жағдайда тұрғанын айтып дабыл қағуда.
Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили