Түркияның Адияман провинциясында жартас жарылды
Түркияның Адияман провинциясында жартас жарылып, етегінде орналасқан ауыл тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді.
Бұл жойқын зілзаладан ең қатты зақым келген үш өңірдің бірі. Жер сілкінгенде бұл жартас қақ бөлінген еді. Ал 9 күн өткеннен кейін ол тағы жарылып, тұрғын үйлерге қауіп төндірді. Жойқын зілзаладан кейін ел аумағында 4300-ден аса жер асты дүмпуі тіркелді.
Айта кеткен жөн, қазір қаза тапқандар саны 36 мыңнан асты. Бұл туралы Түркияның төтенше жағдайлар агенттігі хабарлап отыр. Құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Кахраманмарашта 248 сағаттан кейін 17 жасар қыз, Антакияда 228 сағат үйінді астында жатқан 13 жастағы ұл бала үйінді астынан аман-есен шығарылды. Осымен құтқарылғандар саны 108 мыңнан асты. Елімізден барған құтқарушылар өздеріне тапсырылған нысандардағы жұмысты аяқтап, әріптестеріне көмектесуде. Ал Сирияда 5800-ден астам тұрғын көз жұмды.