Түркия мен Сирияда зардап шеккендер уақытша шатырларға орналасты

Түркия мен Сирияда баспанасыз қалған тұрғындар уақытша шатырларды паналайды.

Түркияның Адияман қаласында 29 мыңдай шатыр құрылды. Жан жақтан көмек келіп жатқанмен, халықтың өз-өзіне келіп, қалыпты өмірге оралуына біраз уақыт керек дейді билік. Таяда БҰҰ-да Түркияға 1 млрд долар көлемінде гуманитарлық көмек бөлеміз деген болатын.

Озгун Синлик, жергілікті тұрғын:

- Қазір уақытша шатырларға орналасып жатырмыз. Енді осы жерді паналауға тура келеді. Қаладан басқа жаққа кеткендер де да бар. Ешкім қоныс аудармаса екен деймін, себебі бұл біздің туған жеріміз. Жаратқанның сынағына көну керек. Шыдамды болуымыз қажет.

Бесие Айдын, жергілікті тұрғын:

- Мұнда 5 мыңға жуық адам орналасқан. Жағдай үйдегідей емес, әрине.  Қазір бізге жылы киім, көрпе-жастық, ыстық тамақ беріліп жатыр. Балаларға тіпті ойыншықтар таратылды.

Ал мынау Сирияның солтүстік-батысындағы Джандарис қаласы. Уақытша лагерлерді 400-ге жуық отбасы паналап отыр. Күн суық. Ауа температурасы кеше 5 градусқа дейін төмендеді. Халық ауызсу, азық-түлікке мұқтаж.

Омар Баракат, жергілікті тұрғын:

- Жер сілкіннен кейін мен отбасыммен осында көшіп келдім. Жағдай қиын, үйінді астында туған-туыстарым қалды. Барлық дүние-мүлкімізден айырылдық. Дала аяз, жылы киімге мұқтажбыз. Цистерналармен су әкеледі деп еді әлі күтіп отырмыз.

Жергілікті билік Сирияға көмектің жеткізілуі өте баяу жүріп жатыр дейді. Біріккен Ұлттар Ұйымы жұма күні мұнда гуманитарлық көмек тиелген 143  жүк көлігін жіберді. Халықаралық ұйымдар Сирияға 400 млн доллар бөлу жайын қарастыруда.