Испанияда әр бесінші қылмысты интернет алаяқтар жасайды.
Былтыр әлеуметтік желіде алданғандар саны күрт артып, 400 мың қылмыстық іс тіркелген. Бұл туралы елдің Ішкі істер министрлігі мәлімдеді. Интернет қылмыстың түрлері қандай және онымен күрес қалай жүргізіліп жатыр?
Хорхе Барселонадағы Помпеу Фабра университетінің төртінші курс студенті, желідегі киберқауіпсіздік бойынша білімін жетілдіріп жүр. Жыл сайын интернеттегі қылмыс түрі жаңарып, алаяқтардың айласы артып келеді дейді Хорхе. Сондықтан айти саласының студенттері де осы бағыттағы білімін тереңдетіп, алаяқтардан бір қадам алда жүруі тиіс.
Хорхе, студент:
- Қоғамдық орындардағы вай-файдан бастап, лицензиясы жоқ сайттардан фильм, футбол көру сияқты әрекеттер интернетке салған “қармақпен” тең. Бұл сайттардың аржағында мықты хаккерлер отыр. Сіздердің білмей баса салған, келісе салған әрекеттеріңіз олар үшін үлкен олжа. Аккаунтқа кіріп алғаннан кейін, арнайы бағдарлама арқылы месседж, фото барлығын оп оңай көшіріп алады. Алыста отырып, сіздің камераңызды қосады да, сізді бопсалауға кіріседі.
Бопсалау, ақша жымқыру, жалған тауар сату сияқты алаяқтық түрлері белең алған. Заңгерлер әлеуметтік желідегі күмәнді ұсыныстарға қызықпас бұрын жағдайды жеті рет өлшеп алуға кеңес береді.
Феличе Гарсия, заңгер:
- Есте ұстайтын ең алғашқы қағида - өзіңізге қатысты ақпаратпен бөлісуге асықпаңыз. Күмәнді смс пен сілтемеден аулақ болыңыз. Алаяқтар сізге ұнайтын заттарды әбден зерттеуі мүмкін сондықтан шешім қабылдауға асықпаған жөн.
“Романтика” арнайы жедел опарациясы барысында желіде бір жыл бойы ақша жымқырып келген екі күдікті ұсталды. Олардың бірі жалғызбасты әйелдің сеніміне кіріп, түрлі желеумен 57 мың еуро қарыз алған. Қазір күдіктілердің басқа да қылмыстарға бар жоғы анықталып жатыр.
Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач
