Әлем елдерінде жер сілкінісі қауіпсіздігі тексеріліп жатыр

Тәжікстанда екі рет жер сілкінді.

Әзірге жапа шеккендер туралы мәлімет жоқ. Бір айта кетерлігі - кеше ғана мұнда кейінгі 5 жылда салынған құрылыстардың сейсмикалық талаптарға сәйкестігін тексеру жұмыстары басталған еді. Тексеріс ел астанасы Душанбеде, ХуджАнд және БохтАр қалаларында жүріп жатыр. Түркия мен Сирияда болған зілзаладан кейін қазір сейсмикалық қауіпсіздік мәселесі өткір тұр.

Түркияда мектептер сейсмикалық талапқа сай емес

Бір жыл ішінде зілзаладан қираған үйлердің орнына жаңасы салынады. Түрік билігі осындай уәде берген. Құрылыс жұмыстары наурызда басталуы тиіс. Осы аптада  мемлекеттік сатып алу конкурсы басталды. Алайда бұған геологтар алаңдаулы. Олар құрылыс асығыс болмауы керек дейді. Айтуларынша, қазір құрылыстан гөрі өңірде геодезиялық тексерулер жүргізілуі тиіс. Өйткені жер қыртысы айтарлықтай ығысқан. Сол себепті кадастр карталары жаңартылу тиіс. Қазір аймақта жерасты дүмпулері әлі тіркелуде. Сондықтан жаңадан құйылған бетонда жарықтар пайда болуы мүмкін. Тиісінше бірнеше апта бұрынғыдай жер сілкінісі тіркелсе, үйлердің оған шыдас беруі екіталай дейді мамандар. Қазір елдің оңтүстік-батысынан басқа өңірлерде сейсмикалық төзімділікті тексеру жүріп жатыр. Мәселен, Ыстамбұлда 76 мектеп тиісті талапқа сай келмегендіктен, сүріліп, орнына жаңалары салынатын болды. Тағы 17-сінде сейсмикалық талапқа қажетті жұмыстар жүргізіледі. Сөйтіп 52 мың оқушы осы аптадан бастап өзге ғимараттарға көшірілді. 

Грекияда 64 мың ғимарат тексеріледі

Түркиядағы табиғат апатынан кейін көршілес Грекияда қоғамдық ғимараттардың сейсмикалық төзімділік талаптарына сәйкестігі тексерілетін болды. Ол 64 мың құрылыс нысанын қамтиды. Бұдан бөлек Эллада елінде сейсмикалық қауіп-қатердің картасы қайта қарастырылады. Ол 1999-шы жылы Афиныда болған ірі зілзаладан кейін жаңартылмапты. Сөйтіп талаптардың еуропалық стандарттарға сәйкестігі тексеріледі. Бұл ретте тарихи ескерткіштерді қорғауға ерекше көңіл бөлінбек.

Сапаға қатысты сын көп

Қырғызстан билігі де осындай бастаманы қолға алды. Мұнда сейсмикалық төзімділікке қатысты тексерулер лазерлік жабдықтың көмегімен жүргізіледі. Бірақ мамандар оны тек тарихи нысандарға ғана қолдануға болатынын айтады. Ал үйлер мен өзге де ғимараттарды вибормашиналардың көмегімен, яғни механикалық әдіспен тексеру керек дейді сарапшылар. Ондай жұмыстардың жүргізілмегеніне 40 жыл болған. Осы ретте билік барлық ғимараттарды тексеруді тапсырды. Мемлекет басшысы әсіресе кейінгі 10 жылда салыған көпқабатты үйлердің сапасына қатысты сын көп екенін айтты. Сол себепті құрылыс секторындағы бақылау күшейтілетін болды.     

Жұлдыз Атагельдиева