Грекиядағы 20 млрд еуро қайда кетті?
Еуроодақта былтыр жол апатынан 20 мыңнан аса адам көз жұмды.
Қайғылы оқиғалардың жартысына жуығына жастар кінәлі болған. Осыған байланысты жүргізуші куәлігін беруге өзгеріс енгізу ұсынылып отыр. Еуроодаққа кіретін Грекияда бірер күн бұрын жантүршігерлік темір жол апаты тіркелді. Салдарынан 60-қа жуық адам қайтыс болды. Апаттың нақты себебі әлі анықталған жоқ. Есесіне оқиғадан кейін саладағы талай былықтың беті ашыла бастады.
Грекиядағы темір жол апатынан кейін билік саладағы жабдықты жаңартуға бөлінген 20 миллиард еуроның қайда кеткенін айта алмай отыр.
1 наурызға қараған түні Грекия тарихындағы ең ірі темір жол апаты болды. Соңғы мәлімет бойынша, құрбандар саны 60-қа жуықтаған. Апаттың нақты себебі әлі белгісіз. Оқиға болған станцияның басшысы қамауға алынды. Оған "абайсыздан кісі өлтіру" бабы бойынша айып тағылды. Күдікті қателік жібергенін мойындады. Соның салдарынан екі пойыз бір жолға түсіп кеткенін айтты. «Бірақ алғашында жауап алу кезінде станция басшысы басқаша сөйлеген. Ол оқиғаға техникалық ақау себеп», -деген. Айтуынша, қарама-қарсы қозғалып келе жатқан пойыздарды түрлі жолға бағыттайтын автоматтандырылған жүйенің кілтін бұрған, бірақ ол іске қосылмаған. Оқиғадан кейін Грекияның көлік министрі отставкаға кетті. Ол үкімет,,,апаттың алдын алу үшін қолдан келгенін жасай алмағанын мойындады. Сөйтіп кейінгі бірнеше күнде Грекияның көлік саласындағы былықтың беті ашыла бастады. Кәсіподақ өкілдері бәріне жұмыс күшінің тапшылығы мен тозығы жеткен жабдық себеп дейді. Темір жол қызметкерлерінің айтуынша, 2000 жылдан бері билік қозғалыс қауіпсіздігінің заманауи электрондық жүйелерін орнату үшін 20 миллиард еуро бөлген. Бірақ жоба іске асырылмаған. Сөйтіп іс жүзінде мехинизм жұмыс істемеген. Ендігісі "қыруар қаржы қайда кетті" деген сұрақ туындап отыр.
Кириакос Мицотакис, Грекия Премьер-министрі:
- Мен оқиға орнында болдым. Ондаған адамның өмірін жалмаған бұл апатқа кінәлілердің барлығы жауапқа тартылуы тиіс. Марқұмдардың жақындарымен кездестім. Олар менен "мұндай апатқа неге жол бердіңіздер" деп сұрады. Мен бұл сауалды жауапсыз қалдыра алмаймын. Тәуелсіз комиссия құруды тапсырдым. Оның мүшелері апат себебін ғана емес, жалпы темір жол саласындағы жобалардың іске асырылуынының кешігуіне не түрткі болғанын анықтайды.
АҚШ-та жол апаты экологиялық апатқа ұласты
АҚШ-та да бірер күн бұрын темір жол апаты болды. Флоридада қауіпті заттар тиелген пойыз рельстен шығып кетті. Абырой болғанда, ешкім жапа шеккен жоқ. Осының алдында ғана Огайо штатында ұқсас оқиға тіркелген. Ол кезде пойыздың ондаған вагоны рельстен шығып кетіп, винилхлорид секілді қауіпті заттар жерге төгілді. Жарылыс қаупі төніп, билік контейнерлердегі химиялық заттарды сыртқа шығарған. Құрбандар туралы мәлімет жоқ. Алайда жақын маңай тұрғындары денсаулығына қатысты жиі шағымдана бастады. Бұдан бөлек мыңдаған балық қырылып қалған. Апатттың нақты себебі әлі жария етілген жоқ.
Марк Уоллес, Темір жол қызметкерлері кәсіподағының вице-президенті:
- Өкінішке қарай жолдағы қауіпсіздік ережелерін жиі сақталмай жатады. Бұдан тек көлікте отырғандар үшін емес, көріп тұрғанымыздай, өзгелер де жапа шегіп отыр. Біздің жағдайда біреудің қателігінің кесірі апат болған маңайдағы қалашықтың тұрғындарына тиді.
Еуроодақта емтихан тапсыру жүйесін өзгерту ұсынылды
Осы жол қауіпсіздігі Еуроодақ елдерін де алаңдатып отыр. Өйткені былтыр мұнда көлік апатынан 20 мыңнан аса адам көз жұмған. Қайғылы оқиғалардың 40 проценті,,,жасы әлі 30-ға толмаған жүргізушілердің кінәсінан болған. Бірлестік 2050 жылға таман кісі өліміне әкелетін жол апаттарын азайтуды ойластырды. Жүргізуші куәлігін алу үшін тапсырылатын емтихан ережесіне өзгеріс енгізу ұсынылды. Яғни ең төменгі жасты өзгерту керек. Сондай-ақ жүргізушілерге 2 жылдық сынақ мерзімін белгілеу міндеттелмек. Қазір Еуроодақ елдерінде шетелдік жүргізушілердің кінәсінен болатын жол апаттары жиілеген. Бірақ олардың жеке тұлғасын анықтау жағы күрделеніп, құзырлы органдар көптеген қиындыққа тап болуда.