Корея Жапониямен маңызды келісімге келгенін жариялады
Оңтүстік Корея Сыртқы істер министрі Жапониямен маңызды келісімге келгенін жариялады.
Бұл Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жапон кәсіпорындарында жұмыс істеуге мәжбүрленген кореялық жұмысшыларға өтемақы төлеу мәселесіне қатысты мәміле. Жапония 1910 жылы Кореяны басып алып, өз отарына айналдырған болатын. 2018 жылы Корея республикасының Жоғарғы Соты кореялық жұмысшылардың еріксіз еңбегін пайдаланған жапон компаниялары оларға өтемақы төлеуі тиіс деген үкім шығарған еді. Бұл екі ел арасында қарым-қатынастардың шиеленісуіне әкелді. Жапон тарабы 1965 жылы Корея үкіметіне осы үшін қомақты қаржы төлегенін алға тартып, сот үкімін орындаудан бас тартты. Нәтижесінде соңғы төрт жылда көрші екі ел арасында қатынастар шиеленісіп кетті. Енді жаңа келісім бойынша 1965 жылғы өтемақыдан мол дотация алған кореялық кәсіпорындар қор құрып, одан жеке тұлғалардың шағымдарын өтейтін болды. Қос елдің ымыраға жетуі Пхеньян жағынан төнген қауіпке қарсы күш біріктіруге жол ашып тұр.
Пак Чин, Корея Республикасының Сыртқы істер министрі:
- Күрделі халықаралық ахуал кезінде дипломатия, экономика және қауіпсіздік салаларында Корея және Жапония арасындағы ынтымақтастықтың маңызы зор. Халқымыз бен ұлттық мүдделеріміз үшін екі ел арасында ұзаққа созылған шиеленісті шешуіміз керек деп санаймын. Бұл шешімнің Оңтүстік Корея мен Жапония арасындағы араздықты тоқтатып, алға басуға жол ашатынына үміттімін. Бұл соңғы мүмкіндігіміз деп ойлаймын.
Алайда бұл келісім Оңтүстік Корея қауымындағы кейбір топтардың наразылығын тудырды. Олар сыртқы істер министрлігі алдында наразылық шарасын ұйымдастырды. Аталған құжат ұлттың намысын қорлау деп отыр.