Түркияда болған жер сілкінісіне бүгін 1 ай толды
Түркияда болған жойқын жер сілкінісіне бүгін тура бір ай толды.
41 мың адамның өмірін жалмаған зілзала зардабымен күрес қызу жүріп жатыр. Үкімет "қираған үйінділерден 200 миллион тонна қоқыс шығуы мүмкін", - деп отыр. Қазір бұл жұмысты апат аймағындағы жергілікті билік қатаң бақылауға алған. Соңғы ақпарат бойынша, елде зілзаладан қаза тапқандардың саны 41 мыңнан асты. 109 мыңға жуық кісі зардап шеккен. 7 баллдық қос жер сілкінісінен кейін 13 мыңнан астам афтершок тіркелді. Олардың ірілері 5-6 балл шамасында. Осының салдарынан, алғашқы зілзалада құламаған, алайда зақымданған ғимараттардың бірсыпырасы қирап жатыр. Соңғысы кеше Шанлыурфа өңірінде болды. Жермен жексен болған 6 қабатты тұрғын үйдің астында бір кісі қаза тапты. 1 кісі құтқарылды.
Сүлейман Сойлу, Түркия Ішкі істер министрі:
- Жалпы апаттық аймақта 28 300 ғимарат үйіндісі бар. Оның 12 218-і Хатайда. 6 832 ғимарат шұғыл түрде қиратылуы тиіс. Жалпы айтқанда, 25% нысан құлаған немесе шұғыл құлатылуы тиіс. 75% қатты зақымданған. Әзірге апатты жағдайдағы ғимараттарды бұзу және қоқыс шығару көрсеткіші 15 пайызды құрап отыр.