loader

Грузияда төңкеріс төндірген даулы құжат

Грузияда төңкеріс төндірген даулы құжат

Грузияда «Шетелден 20 пайыздан көп қаржы алатын кез келген ұйымды шетелдік агент» деп танитын заң жобасы қабылданбайтын болды.

Дау тудырған құжатты Парламент бірнеше күнге созылған наразылықтан кейін кері қайтарды.

"Шетел агенті туралы заң жобасы" 6 наурызда Парламентте дау тудырып, соңы қақтығысқа ұласты. Құжатты билік басындағы "Грузин арманы - Демократиялық партиясы" ұсынған.

Гиви Миканадзе, "Грузин арманы - демократиялық партиясының" депутаты:

- Грузин қоғамы қоғамдық ұйымдардың қайдан қаржыландырылып жатқанын және бұл ақша қалай жұмсалып жатқанын білуге әбден құқылы. Біздің есеп беруді және ашықтықты қолдаймыз. Бұл заң адамдарға ешқандай шектеу жасамайды.

Бірақ көпшіліктің ойы басқа болып шықты. Даулы құжатқа алғашқы қарсылықты "Біртұтас ұлттық қозғалыс" партиясы білдірді. Негізі бұл заң жобасына наразылық өткен айда басталған еді. Содан бері 60-тан астам қоғамдық ұйым мен ақпарат құралдары қарсылық танытқан.

Иракли Павленишвили, "Біртұтас ұлттық қозғалыс" партиясының мүшесі:

- Біздің елді грузин олигархы және бұрынғы премьер-министр Бидзина Иванишвили мен оның "Грузин арманы" партиясы астыртын билеп-төстеп отыр. Олар ЕуроОдақ пен НАТО-ға апаратын біздің жолымызға тосқауыл қойып әлек. Бұл Грузияның ұлттық мүддесіне қарсы заң. Мұнымен бүкіл халықаралық қауымдастық пен Грузия азаматтары келіспейді.

Бірақ бәрібір даулы құжат бірінші оқылымда мақұлданды. Содан кейін Тбилиси көшелеріне мыңдаған адам шықты. Олар "Біз - Еуропамыз" деп ұрандатты. Грузиндер бұл заң жобасы автократизмге апарады деп есептейді.

Құжатқа байланысты Грузияның президенті мен премьер-министрі екі түрлі пікір білдірді. Бұл уақытта бірі АҚШ-та, екіншісі Германияда жүрген болатын.

Саломе Зурабишвили, Грузия Президенті:

- Бұл заң ешкімге керек емес. Ол көктен түскен сияқты. Мәскеуден нұсқау берілуі мүмкін. Оны түбірімен жою қажет. Мен бірінші күннен бұл құжатқа вето қоятынымды ескерткенмін. Кезінде өзім талай тұрған Руставели даңғылында тұрған белсенділерге арнайы үндеу жолдаймын. Қазір мен Нью-Йорктемін және менің ту сыртымда Бостандық мүсіні тұр. Бұл Грузия үшін әрқашан күрескен және осы күнге дейін жеткен символ. Мен сендермен біргемін, өйткені сендер еркін Грузияның өкілісіңдер!

Ираклий Гарибашвили, Грузияның Премьер-министрі:

- Заң жобасына қарсы наразылықтың түбі шикі. Әрине ондаған миллион сомада гранттар алып келгендердің жан айқайын түсінуге болады. Бірақ қоғам алдында есеп беріліп, ашықтық болғаны дұрыс. Бұл біздің еуропалық және халықаралық нормаларға сай келетін талабымыз.

Атышулы заңға халықаралық қауымдастық та наразылық білдірді. 

Скрин: Бұл заң қазіргі қалпында азаматтық қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдарын шектеуі мүмкін. Ол ЕуроОдақ құндылықтары мен стандарттарына және көпшілік азаматтар қолдап отырған Грузияның ЕуроОдаққа кіру мақсатына еш сай келмейді.

Цитата: Хью Уильямсон, Human rights watch Еуропа мен Орталық Азия бойынша директоры:

- «Шетелдік агент» туралы заң жобасы Грузиядағы қоғам мүддесіне қызмет ететін, бірақ сырттан қаржыландырылатын тәуелсіз топтар мен медианы шектеуді және беделін түсіруді көздейді. Грузияның халықаралық міндеттемелерін бұзады және адам құқықтарын, демократия мен заң үстемдігін қорғау жолында жұмыс істейтін топтар мен жеке тұлғаларға айтырлықтай қысым жасайды.

Цитата: Фархан Хақ, БҰҰ бас хатшысы өкілінің орынбасыры:

- Бас хатшы Грузиядағы жағдайды бақылап отыр. Ол барлық тарапты шиеленісті ушықтыратын кез келген әрекеттен аулақ болуға шақырады. Бас хатшы сөз бостандығының, медиа мен азаматтық қоғамның кедергісіз жұмысының маңыздылығын ерекше атап өтеді және адамдардың бейбіт шеру өткізу құқығын қолдайды.

Бейбіт басталған шеру халық пен полиция арасындағы қақтығысқа ұласты. Екі жақтан да бірнеше адам жарақаланып, бірқатар белсенді қамауға алынды. Билік даулы заң жобасын кері қайтарды. Алайда үкімет бұл құжаттан толық бас тартпайтынын, халық арасында түсіндірме жұмыс жүргізетінін мәлімдеді.

Автор: Ернат Мелсұлы

Сондай-ақ...