Джо Байден: Мемлекеттің банк жүйесі сенімді
Бірінен кейін бірі жабылған Силикон Валей мен Сигнейча банктерінен соң, қаржы жүйесіне қауіп төніп, АҚШ президенті ресми мәлімдеме жасауға мәжбүр болды.
Джо Байден: «мемлекеттің банк жүйесі сенімді», - деп халықты сабырға шақырды. Ол бұл проблеманы шешу үшін салық төлеушілердің ақшасынан бір тиын да жұмсалмайтынын айтты.
АҚШ-тағы ең ірі екі бірдей банктің жабылып қалуы елдегі қаржы жүйесінде біраз дүрбелең тудырды. Бірақ мемлекет басшысы Джо Байден салымшылардың алаңдауына еш негіз жоқ деп сендірді. Бұл дағдарысты реттеу үшін сақтандыру қорынан ақша бөлінетін болды. Жағдайды оңлатуға шұғыл шаралар қабылданды. Соның ішінде банктегі депозиттерге кепілдік беру және қаржы институттарының төтенше жағдай қорларынан ақша алудың жаңа механизмін құру тапсырылды. Сондай-ақ, төтенше жағдайлар кезінде федералды резервтік жүйеден несие алу мүмкіндігін жеңілдету де қарастырылып отыр. Президент Байден банк инвесторларды жауапқа тартылатынын айтып сес көрсетті.
Джо Байден, АҚШ президенті:
- Бұл банктер мұндай жағдайға қалай түсті деген маңызды сұрақ туындайды. Біз оның себебін анықтап және кінәлілерді жауапқа тартуымыз керек. Ешкім де заңнан жоғары емес. Түптеп келгенде мұндай жағдай қайталанбас үшін әрекет етуіміз қажет.
Депозиттерді сақтандыру жөніндегі мемлекеттік корпорация 250 000 долларға дейінгі депозиттерді қорғау үшін шаралар қабылдады. Алайда Силикон Валей банкіндегі шоттардың 85 % бұл сомадан жоғары, оларға әлі де қауіп төніп тұр. Сондықтан салымшыларды қолдау үшін бүкіл ел аумағы бойынша 3500-ден астам банк басшылары мен құрылтайшылар петицияға қол қойды. Олар 100 000-нан астам жұмыс орынына қауіп төніп тұрғанын алға тартады. Депозиті бар жұрттар ақшасын шешіп алу үшін таң ата банктерде кезекке тұрды.
Боб, банк клиенті:
- Басында мен аздап қобалжыдым. Бірақ менде жарлытай сақтандыру бар екенін білдім де көңілім орынына түсті. Ақшамды қайтарып алатыныма сенімдімін.
Президент Джо Байден кезінде ақша айналымын бақылау басқармасына кандидатурасын ұсынған белгілі қаржыгер Сәуле Омарова бұл жағдайларға байланысты пікір білдірді. Оның айтуынша банктердің бұл күйге түсуі реттеушінің қадағалауын күшейту қажеттілігін білдіреді.
Сәуле Омарова, Корнелл университетінің профессоры:
- 2008-2009 жылдардағы қаржылық дағдарыстан кейін жасалған реформадан соң, реттеуші органга банктердің жағдайын бақылау қиындап кетті. Сондықтан реттеушілердің мұндай шағын банктерге келіп, олардың қаншалықты қауіпсіз, қаншалықты төзімді екенін мұқият тексеруге құзіреті шектеліп қалды.
Сәуле Омарова әлі де нарықтың тұрақсыз болып тұрғанын айтады. Қор биржаларында да Америкалық банктердің акциялары құлдырады. Мәселен, First Republic Bank акциясы 76,6 %, ал Western Alliance акциясы 82,5% төмендеді. Құнды қағаздар саудасын баға тым құбылып кеткендіктен бірнеше рет тоқтатуға мәжбүр болды.