Оңтүстік Кореяда Наурыз мейрамы 3 жыл үзілістен кейін қайта жаңғырды

Кореяның оңтүстігіндегі Ульсан қаласында Наурыз мейрамы 3 жыл үзілістен кейін қайта жаңғырды. Шараны қазақстандық студенттер ұйымдастырды. Коронавирус кезінде шектеулерге байланысты өтпеген мереке бүгінде қайта жалғасқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Владислав Цой, тілші:

- Жергілікті тұрғындар Наурыз мейрамының мән-мыңызымен танысты. Сонымен бірге дастарханнан дәм татты. Ульсан ұлттық ғылыми-технологиялық институтының студенттері аспаздық өнермен де таныс екендерін көрсетті. Мына тағамдарды олар өздері дайындады.   

Наурыз мейрамын тойлау Кореядағы қазақ студенттері үшін туған жерге барумен тең. Өйткені шарада ұлттық тағамдар қойылған дастарқан жайылды, домбыра үні естіліп, қара жорға биі орындалды. 3-курс студенті Артем Ким хакім Абайдың әндерін орындады.

Ульсанда Наурыз мейрамын тойлау дәстүрі 2011 жылы басталды. Сол жылы жергілікті университетке алғаш рет 4 қазақстандық оқуға түсті. Солардың бірі Ұланбек Әуезхан болатын. Қазір ол отбасымен Кореяда тұрады.  Университетте зерттеуші болып жұмыс істейді.

Санжар Сағындық, 1-курс студенті:

- Мақсатымыз – осы шараларды ұйымдастыру. Оларды Наурызбен таныстыру. Наурыз көже, наурыз баурсақтар. Осы біздің салт-дәстүрлерімізді көрсету. Себебі біздің тарихымыз өте қызық деп ойлаймын. Басқа елдер әбден білу керек оны. 

Чу Дже Суль, Ульсан университетінің бөлім басшысы:

- Менің білуімше, Наурыз мейрамының мәні – ұзақ қыстан аман шыққан соң, адам жаңа көктемге қуанады. Мереке ұйымдастырған қазақ студенттеріне ризамын. Университетімізде 50-ге жуық қазақстандық бар. Олар өте жақсы оқиды, өте белсенді және жігерлі.

Ал Чо Хе Вон үшін Наурыз – күйеуінің салт-дәстүрімен танысу мүмкіндігі. Осыдан 6 ай бұрын ол Атыраудан келген докторантқа тұрмысқа шыққан.

Чо Хе Вон, Ульсан ұлттық университетінің докторанты:

- Иә, қатты ұнайды маған. Өлең, тамақ, бәрі жақсы болды.

2011 жылдан бастап Қазақстаннан оқуға келетін студенттер саны жыл сайын артып келеді. Алайда коронавирус шектеулеріне байланысты 2019 жылдан бастап Ульсанда отандастарымыздың саны азайған. Қазір пандемия аяқталып, бетперде режимі алынды. Сондықтан биылғы оқу жылында университет қазақстандық талапкерлерді күтеді. Ал елден келген жастар көп болса, Кореяның оңтүстігінде Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі сақталады деген сөз.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян.