ЕуроОдақ жүргізушілері синтетикалық отынды пайдаланады

Еуроодақ 2035-жылға таман жанармаймен жүретін көліктерден бас тартады.

Жақында тиісті шешімді Еурокомиссия мақұлдаған еді. Енді, міне одақтың тұрақты өкілдерінің комитеті құптады. Бірақ бұл шешімге әуелден Германия қарсы болған. Сөйтіп неміс елінің сұрауы бойынша, жеңілдік жасалатын болды. Тақырыпты Шартарап айдарында әріптесім Жұлдыз Атагельдиева тарқатады.

Германия синтектикалық отынмен жүретін көліктерді қалдыруды сұраған.

Еуроодақ елдері 2030-жылға таман парниктік газдардың шығындыларын 55 процентке дейін азайтуға ниетті. Бұл ретте көлік өндірісіне назар аудару керек. Өйткені Кәрі Құрлықта ауаға бөлінетін көмірқышқыл газының 25 проценті темір тұлпарлардың үлесіне тиесілі. Сондықтан 2035-жылдан кейін жанармаймен және дизельді отынмен жүретін, сондай-ақ гибридті көліктер сатылмайтын болды. Бірақ жоспарға әуелден Германия қарсы еді. Себебі  ол ең ірі автоөндіруші саналады. Ал шектеу Еуроодақтың әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттігі төмендетеді деген қауіп басым болды. Сөйтіп Германияның сұрауы бойынша,,,12 жылдан кейін синтетикалық отынды пайдаланатын көліктердің арнайы үлгілері қалатын болды. Өйткені олар ауаға зиянды заттар бөлмейді. Алайда бұған экоблесенділер қарсы шығып отыр. 

Бенджамин Стефан, Greenpeace өкілі:

- Ондай синтетикалық отынмен жүретін көліктерді пайдалану - тиімсіз шешім. Өйткені ондай отын өндірісіне электр энергиясы көп жұмсалады. Одан гөрі электрмобильдер жасап шығаруға ден қою керек.

Tesla көліктеріне сұраныс жоғары

Иә, қазір көп елде электрмобильдердің өндірісіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Еуроодақтың өзінде оларға сұраныс жоғары. Әсіресе Тесланың электрлік көліктеріне қызығушылық танытып жатқандар көп. Өйткені жыл басында компания бағаны төмендету шешімін қабылдаған. Сөйтіп қазір Еуроодақтағы әрбір бесінші электрмобиль - осы Тесланың өнімі саналады. Өткен айда Кәрі Құрлықта компанияның 19 мыңнан аса көлігі сатылған.

Ларс Морави, Tesla компаниясының бас инженері:

- Электрмобильдерге сұраныс артып келеді. Біз өндірісті кеңейте бермекпіз. Бұл ретте шығындарды екі есе азайтуға ниеттіміз. Соның арқасында алдағы уақытта Тесла көліктерінің құны арзандауы мүмкін.

Түркияда электрмобильдерді қуаттайтын орын аз

Түркияда ДА электрмобильдерге сұраныс жоғары. Анадолу елі электрлік көліктердің үлесі жоғары мемлекеттердің ондығына кіруге ниетті. Алайда бір қиындық бар. Бұл қуаттау станцияларының аздығы. Жыл соңына дейін елдегі электрмобильдердің саны 55 мыңға дейін жетуі мүмкін. Ал оларды қуаттайтын орындар саны 5 есе аз. Бұл көрсеткіш бойынша әлемде бірініш орында Нидерланд тұр. Қазір мұнда қуаттау станцияларының саны 110 мыңнан асады. Бүкіл Еуропа бойынша бұл орындардың 30 проценті осы елде орналасқан екен.