Испанияда туризм саласы қайта жанданды
Жаһан жұрты пандемиядан кейін құлдырап қалған туризмді қайта қалыпқа келтірмек.
Испанияда биыл саяхатшылар саны рекорд орнатуы мүмкін. Бірақ елде енді маман тапшылығы байқалады. Дегенмен, бұл тек Испаниядағы жағдай. Еуропаның өзге елдері жылда Қытайдан ағылып келетін турист саны аз деп дабыл қағуда. Ал Мысыр виза алудың жолдарын жеңілдетпек.
Испанияда туризм саласы қайта жанданып келеді. Биыл мұнда келетін саяхатшылардың саны рекордтық көрсеткішке жетуі мүмкін. Мамандар тұтынушылық баға жазда 20 пайызға өсетінін айтты. Бірақ бұған қарамастан мұнда ағылатын туристердің саны артады деген болжам бар. Бірақ, осы ретте де бір күрделі мәселе бар. Қазір елде қонақ үй бизнесінде маман тапшы. Бұған пандемия кезінде қызметкерлердің таратылуы себеп. Сарапшылар салаға 60 мыңдай жаңа жұмысшы қажет дейді. Испания билігі туризм саласын қолға алып, 2019-шы жылғы көрсеткішке жеткізуді көздеп отыр. Короновирусқа дейін онда 83 млн-нан астам саяхатшы келетін. Бизнес өкілдері Пасха мерекесінде елдегі қонақ үйлер 90 процентке толатынын айтады.
Биыл қытай туристерінің саны аз
Пандемиядан кейін құлдырап қалған туризм саласын қалпына келтіру үшін әлем елдері түрлі әдіс-тәсілдер іздеп әлек. Еуропа биылғы жазға көп үміт артып отыр. Коронавирусқа қатысты шектеулер алынған соң Қытайдан Кәрі құрлыққа келетін туристер саны өсуі керек еді. Бірақ, швейцариялық туроператорлар үміт ақталмады деп шағымданады. Себебі осы наурыз бен тамыз аралығында Қытайдан Еуропаға ұшуды жоспарлаған саяхатшылар саны пандемияға дейінгі көрсеткіштің 30 пайызын ғана құраған. Сондай-ақ, әлемдегі азық-түлік пен электр қуатының қымбатшылығына тап болған жұрт, көбінесе арзан турлар іздейді екен. Бұдан бөлек, визаға қатысты шектеулер, әуебилеттерінің шарықтауы да саяхатшыларға кедергі. Қазір Қытай туристері көбінесе Гонконг, Таиланд және Макаоға баруды жоспарлайды.
Мысырға виза алу жеңілдейді
Мысыр билігі де елге әлемнен келетін саяхатшылар санын арттыруды көздеп отыр. Олар кей мемлекеттерге виза алудың жолын жеңілдетпек. Енді Алжир, Марокко, Иран және Израиль азаматтары визаны әуежайларда ала алады. Бірақ жаңа ереже тек топтасып жүретін туристерге қатысты. Бұл туралы елдің туризм министрі Ахмед Эйсса мәлім етті. Сондай-ақ, Қытай мен Үндістан азаматтарына да кіру рұқсаты жеңілдей түсті. Бұған қоса Мысыр алғаш рет шетелдіктерге бес жыл мерзімге виза беруді қарастырмақ. Оның құны 700 доллар шамасында болмақ.