Қытайдың Хайнань провинциясында Боао Азия форумы басталды
50-ден астам елдің өкілдері бас қосқан форумда 4 күн бойы қандай мәселелер көтеріледі, деп хабарлайды «Хабар 24».
Әр түрлі елден келген 2 мыңға жуық адамның басын Хайнань аралында қосқан – Боао Азия форумы. Саясаткерлер, халықаралық және аймақтық ұйым басшылары, әлемнің жетекші ғалымдары, сарапшылар мен ірі компания өкілдері пандемия басталғаннан бері алғаш рет офлайн режимде бас қосты. Биыл делегаттар Азия өңіріндегі ынтымақтастық пен сын-қатерлер, жаһандық даму мен қауіпсіздік, жеткізу тізбегінің өзгеруі, көміртегі бейтараптығына қол жеткізу, сондай-ақ энергетиканың жаңа түрлері мәселелерін талқылайды. Ресми ақпарат бойынша, биыл Азия елдерінің ЖІӨ көрсеткіші 4,5%-ке жетуі тиіс.
Ли Баодун, Боао Азия форумының бас хатшысы:
- Бүкіл әлем тұрақсыздық пен трансформация кезеңіне енген ғасырда өмір сүріп жатыр. Маңызды өзгерістер жағдайында барлық Азия елдері осы мәселелерге тап болды. 2023 жылы Азия жаһандық экономикалық құлдырау аясында ерекше көзге түседі деп ойлаймын.
Боао Азия форумы 2001 жылдан бері өткізіліп келеді. Халықаралық ұйым құрамына 30 мемлекет кіреді. Оның қатарында Қазақстан да бар.
Моед Юсуф, Пәкістан премьер-министрінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі бұрынғы кеңесшісі:
- Ынтымақтастық жасау үшін әлем елдері қандай қадам жасайды? Егер мемлекеттер арасындағы бәсекелестік пен күрес жалғаса берсе, бұл тек әлемдік державаларға емес, сонымен қатар аймақтың көптеген елдеріне де кері әсер етеді. Ал Боао форумы – адамзаттың игілігі үшін ынтымақтастықты дамыту тақырыбын тағы бір талқылауға мүмкіндік беретін арена.
Боао Азия форумының ресми ашылу салтанаты 30 наурызда өтеді. Оған ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цян, сондай-ақ Үкімет басшылары мен 11 халықаралық ұйым өкілдері қатысады деп күтіліп отыр.