Еуропа тұрғыны Лондоннан Үндістанға дейін велосипедпен саяхаттамақшы

Еуропадан Австралияға ұшақпен төрт сағатта жетуге болатынын айттық. Ал Лондоннан Үндістанға дейін велосипедпен қанша уақытта жетуге болады? 

Жап-жасыл болып киініп алған мына жігіт бағбан болып жұмыс істейді. Амстердамнан арнайы келіп, Лондоннан ұзақ велошеруін бастады. 2 жылда 30 мың шақырым жүріп Үндістанға жетемін деген талабы бар. Мұндағы мақсаты – топырағы тозып бара жатқан Жер-Ананың мүшкіл жағдайына жаһан назарын аударту. Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы мекемесінің мәліметі бойынша, әлемдегі дәнді дақылдардың өндіру көлемі 10%-ке қысқармақ. Мамандар тозған топырақтың салдары адамзат үшін осылай ауыр болады дейді.

Ренс Гөде, бағбан, велосаяхатшы:

- Барлық затымды сатып, осы велошеруге бел будым. Бұл менің қолымнан келеді деп ойлаймын. Өйткені бұған дейін үйімнен жұмысыма және кері тұрақты қатынадым. Сол кезде белесебет тепкен өзіме ұнайтынын байқадым. Енді осы істі баршаға ортақ игілікті шаруаға арнасам деймін. Жеріміз жылдан жылға тозып барады. Әлемдегі экожүйе өте нашарлап жатыр. Біз бұған кедергі жасауымыз керек. Әйтпесе, болашақ ұрпақ алдында айыпты боламыз. Велосапар кезінде топырақты сақтау бойынша білімімді кеңейтсем және басқаларға таратсам деймін.

31 жастағы Ренс Гөде 30 елден өтемін дейді. Бірақ оның ішінде Қазақстан жоқ. Талабы таудай, мақсаты айқын велосаяхатшыға ақ жол тілейміз.

Дания астанасы Копенгагенде велосипедке арналған үлкен көрме өтті. Онда теміраттың барлық түрі бар. 2 күнге созылған іс-шараға 10 мыңға жуық адам келген. Ал оларға 120 компания өнімін ұсынды.

Мартин Питерсин, велокомпания менеджері:

- Адамдар белесебетті әртүрлі ойға сүйеніп таңдайды. Кейбірі темір атты экономика үшін тиімді десе, басқасы қоршаған ортаға пайдалы дейді. Ірі қалаларда автокөлікпен жүру қолайсыздық тудырады. Кептеліс көп. Жүргізуші тұрақ таппай қиналады. Ал адамдар көбіне ыңғайлы өмір сүргенді ұнатады. Осы тұрғыда белесебет – таптырмас көлік құралы.

Көрмені ұйымдастырушылар биыл электрлі белесебеттерге сұраныстың 25%-ке артқанын айтады. Тіпті алдағы уақытта бұл көрсеткіш 50%-ке жетуі мүмкін.

Христиан Риттер, ұйымдастырушы:

- Бұл көрмеден белесебет өндірісіне қатысты инновациялардың барлық түрін көре аласыз. Жолсызбен де, таулы, қиыршықты жолмен де жүретін, жүк таситын және электрлік белесебеттердің сан алуан түрі бар. Жастар скутерлер мен мопедтердің орнына тоқпен жүретін темір аттар алуды трендке айналдырып жатыр.

Сонымен қатар адамдар соңғы жылдары жүк тасымалдайтын және бала отырғызып айдайтын белесебеттерді көптеп ала бастаған. Сондықтан сарапшылар белесебет бизнесінің болашағы жарқын дейді.

Авторы: Ернат Меслұлы.