Таяу Шығыстағы жағдай ушығып барады
Таяу Шығыстағы жағдай ушығып барады.
Тель-Авив қаласында жүргізуші автокөлігін бір топ адамға бағыттап, оларды басып кетті. Нәтижесінде бір адам қаза тауып, тағы жетеуі жарақат алды. Екеуі ауыр хәлде. Қаза болған адам Италиядан келген турист екені белгілі. Жарақат алғандардың барлығы да шетел азаматтары. Полиция көлік жүргізушіні атып өлтірді. Премьер-министр Биньямин Нетаньяху мұны лаңкестік әрекет деп атады.
Биньямин Нетаньяху, Израиль Премьер-министрі:
- Қарулы күштеріміз лаңкестермен күресіп жатыр. Көп ұзамай барлығын жазаға тартамыз.
Ал Иордан өзенінің Батыс жағалауында беймәлім адамдар автокөлікке оқ жаудырды. Ішінде болған апалы-сіңлілі оққа ұшып қаза тапты, 48 жастағы анасы жараланды. Эфрат деп аталатын еврей қонысында тұрған олар Ұлыбританиядан көшіп келген екен. Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына Израиль әскерінің "Әл-Ақса" мешітінде күш қолдануы себеп болған. Тәртіпсіздіктер кезінде 350-ден астам адам қамауға алынған.