Гуманитарлық көмекке зәру елдер көбейді

БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі тұрақты даму бағдарламасы жүзеге аспауы мүмкін.

Халықаралық ұйым басшысы Антониу Гутерриш жобаға қатысты алаңдаушылық білдірді.

Жер жаһандағы қаржылық һәм саяси дағдарыстың жиілеуі мемлекеттердің дамуын әлсіретті. Салдарынан әлемде кедейшілік белең алып, теңсіздік тереңдеген. БҰҰ Бас хатшысы ауқымды жиында осылай деп мәлімдеді.   

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:

- Біз тұрақты даму бойынша алға қойған міндеттерді шешу үшін халықаралық қаржы жүйесін жаңартуымыз қажет. Шындығында  қазіргі механизм бүгінгі сын-қатерлермен күресуге қауқарсыз. Мен барлық елдерді осы шешуші сәтте барынша белсенді әрекет етуге шақырамын.

Ресми дерекке сүйенсек, әлемде әрбір үшінші мемлекет қаржылай дағдарыспен күресуге шамасы жетпейді. Ал кедейшілік қамытын киген адамдардың 40 пайыздан астамы сыртқы қарзыға белшесінен батқан елдерде тұрады. Мұндай жағдай әлеуметтік толқуларды үдетіп жатыр.

Амина Мұхаммед, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары:

- Егер жағдай осылай кете берсе, 2030 жылға қарай жер шарымыздағы халықтың 7 пайызы кедейшілікке ұшырайды. Биылдың өзінде гуманитарлық көмекке зәру жандардың қарасы 339 миллионға жетіп отыр. Бұл жер шарындағы әр 23-адам тақыр кедей дегенді білдіреді.

БҰҰ басшысы мәселені шешу үшін бірқатар бағытты назарға алуға шақырды. Мысалы, дүние жүзінде мұқтаж елдерге бөлінетін қаржыны жыл сайын 500 миллиард долларға жеткізуді ұсынды. Бұл тұрғыда халықаралық даму банктерінің маңызды роль атқаратыны белгілі.

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:

- Даму банктері өздерінің бизнес-модельдерін қайта құрылымдауы қажет. Тәуекелдерді еңсеретін жаңа амал-тәсілдер керек. Мысалы, дамушы елдерге қолдау білдіру үшін ірі жекеменшік инвесторларды тартуға көңіл бөлгендері абзал.

Ұйым халықаралық резервтік қаржыландыруды да ұлғайтуға шақырып отыр. Себебі әлемде дағдарыс кезінде жылдам әрекет етіп, тиісті шаралар қабылдау үшін мол валюта қоры қажет.

Дәурен Ақашұлы