Қырғызстан сүт өндірісінен артта қалды
Қырғыз елінде сүт өндірісі тұралап тұр.
Еуразиялық экономикалық одақ өн-дірушілерімен бәсекеге түсу үшін Үкіметтің қолдауы қажет. Бір топ фермер осы мәселені көтеріп, биіліктен көмек сұрады.
Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде сүт нарығы үшін бәсеке жоғары. Қырғызстан Министрлер Кабинеті Төрағасының орынбасары Бақыт Торобаев осылай деп мәлімдеді. Елдегі дүкен сөрелерінде Ресей, Беларуссия және жергілікті өндірушілердің тауарларын кездестіруге болады. Алайда, шетелдік өнім көлемі көп болғандықтан, онымен бәсекелесу қиын. Отандық фермерлер мәселесі Парламент деңгейінде қаралды.
Бақыт Торобаев, Қырғыз Республикасы министрлер кабинеті төрағасының орынбасары:
- Өндіруші зауыттар сатып алу бағасын ырықта ұстай алмайды. Сол себепті әсіресе көктемде сүт бағасы төмендейді. Оның құнын ұстап тұру үшін Үкіметтің субсидиялары қажет. Ал ол үшін сала өкілдері кем дегенде 10 миллион доллар сұрайды. Осылайша мәселе шешілмей қала береді.
Көктем келе жыл сайын сүт бағасы арзандайды. Ал фермерлерге сүтті өндіріс құнынан төмен сату тиімсіз. Ал өндіруші зауыт басшылары нарықтағы бағамен сатып алсақ, дайын өнім қолжетімсіз болып, қымбаттайды, деп шырылдайды. Сәйкесінше отандық тауарлар бәсекеге қабілеттігін жоғалтады. Шетелден келетін өнімнің өнеркәсіптік айналымы 100 есе көп екенін ескерсек, Қырғызстан фермерлері пайдасыз қалып отыр.
Асқарбек Жәнібеков, Қырғыз Республикасы ауыл шаруашылығы министрі:
- Бастапқыда біз ауыл шаруашылығын дамытуға субсидия бердік, несиелік ставкасы 10 пайыз және ең аз қайтару мерзімі 2 жылдан 3 жылға дейін. Өткен жылы бұл шарттар біздің фермерлерімізді қолдау үшін қайта қаралды. Енді біз межені 6 пайызға дейін төмендету керек деп шештік, ал қызмет көрсетудің ең төменгі міндетті мерзімі 3 жылға белгіленеді.
Беларуссиядан сүт өнімдерінің көп келуі санкциялық шектеулермен де байланысты. Бұрын ірі еуразиялық компаниялар сүт өнімдерін Еуропаға экспорттаған болса, қазір ішкі нарыққа сұраныс артқан. Қырғыз өндірушілері бәсекелестікке төтеп беру үшін тауардың құнын төмендетуге мәжбүр. Осыған байланысты парламенттегілер тұрақты өткізуді қамтамасыз ету үшін шаруалардан сүт сатып алу бағасын мемлекеттік реттеуді талап етуде.
Сымбат Ғалымжанқызы, Бақыт Чермашев