Америкадағы қазақтар бас қосты

АҚШ-тың Солтүстік Каролина штатындағы қазақ диаспорасы Шарлотт қаласында бас қосты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар көктем мерекесі мен Айтты атап өтті. Бұл аймақта студенттерден көрі негізінен отбасылы азаматтар көп. Сондықтан тілдік курстар мен домбыра үйірмесіне деген сұраныс артқан.

Буындарын былқылдатып «Қара жорғаны» билеп тұрған – Америка азаматы Нил Либертс. Қазақстандық достарынан бір ай бұрын дәріс ала бастаған. Бүгінгі салтанатты шарада өнер көрсетіп, қазақ мәдениетіне деген құрметін осылай жеткізбек. Ал Ковалевтар әулеті Флорида штатынан Шарлоттағы шараға биыл үшінші мәрте келіп отыр. Қазақтар жиналатын мерекені асыға күтеміз әрі өз үйімізге келгендей боламыз дейді. Ұлттық киімдерін ғана емес, арнайы нөмір де дайындаған. Туған жерімізді қайда жүрсек те насихаттап, таныстыру міндетіміз дейді. 

Татьяна Ковалева, Флорида штатының тұрғыны:

- Біздің ойымызша, қазақ мәдениеті өте әдемі. Сондықтан оны жеткізіп, бөлісіп, осындағы көршілерімізге таныстырып жүреміз. Өйткені Қазақстан мақтанышпен таныстыратын мемлекет. Көрсетуге тұрарлық көптеген дүниелер бар. Бізде ұлттық киім, әшекей бәрі бар. Ұлттық асты да дайындап тұрамыз. 

Солтүстік Каролина штатындағы Шарлотт қаласы АҚШ-тағы ең үлкен қаланың бірі саналады. Америка банкінің негізгі кеңсесі орналасқан. Алпауыт елдің негізгі қаржылық алаңының бірі. Бұл қалада да тұрып жатқан қазақ диаспорасы бар. Олар жыл сайын бас қосады. Биыл Наурыз пен Айт мерекесін ораза аяқталған соң арнайы сәуірге жоспарлаған. Салтанатты шараға АҚШ-тың өзге де аймақтарынан, Бостон, Массачусетс, Вирджиния, Мэрилендте тұратын жерлестеріміз де келді. Басты мақсат – өзара қарым-қатынасты арттыру, жырақта жүргенде өзара ақпарат алмасып, бірі-біріне көмек қолын созу.

Өмірбек Аханов, Астана қаласының тұрғыны:

- Алыста жүрген балалар, әрине, жырақта жүр. Жақын жер емес. Бірі-бірімен араласып, құраласып жүргендері өте жақсы. Мен өзім қуанып тұрмын оған. Мына артымыздағы ұрпақтарымыз, немерелеріміз осы араласудың арқасында бірі-бірімен жақындасып, сол өздерінің ата-салтын, дәстүрін, тілін ұмытпауға бір орайы кеп тұрған шаруа.

Шарлоттағы мерекелік шара да қазақы қалыпта ұйымдастырылды. Алдымен екі мемлекеттің әнұраны ойналды. Одан кейін әжелер шашу шашты. Асқа қадірлі ақсақал батасын берді. Домбырадан күй төгілді. Мұның бәрі осындағы балалар мен жастар жадында қалады. Сол үшін маңызы зор, - дейді ұйымдастырушылар. Диаспорадан қазірдің өзінде тілдік курсқа сұраныс артқан. Сондықтан түрлі үйірме қамтылған мәдени орталық ашу жоспарда, -дейді Солтүстік Каролина штатындағы қазақтар қауымдастығының белсендісі.  

Қуат Ахметов, белсенді:

- 95% келіп жатқандар отбасылы жастар. Қазақ балалары, қыздары келіп жатыр. Сол мынау қауымдастығымызды ұстап, бір-бірімізбен ынтымағымызды арттырып, балаларымызға қазақи дәстүрімізді салтымызды, дінімізді, тілімізді ұмытпасын деп, соны сақтасын деген мақсатпен ұйымдастыруға тырысамыз.

Әлемнің қай бұрышында жүрсе де туған жерін ұмытпай, қазақтың мәдениеті мен өнерін насихаттайтын Ковалевтар отбасы келер жылы тың нөмірлер дайындап келмек. Юра қазірден жаңа өлең жаттауға кірісті. Шашына шолпы таққан Яна болса өзгеше би қоямын деп отыр.

Авторы: Нұрбек Бекен.