Ресей алаяқ шалған қоңырауды анықтаушы жүйені қосты

Әлемде цифрлық технологиялар дамыған сайын ұялы телефон алаяқтығы мен киберқауіпсіздік мәселесі өзекті болып тұр.

Бұл тұрғыда IMEI кодты тіркеу маңызды.

Ресейде қаңтар айының аяғында алаяқтардың телефон қоңырауларын айқындайтын "Антифрод" бірыңғай платформасы іске қосылды. Бұл жүйе абоненттердің шотындағы ақшаны алып қоюдан қорғайды. Аталған платформаға әзірге Ресейдің ірі операторлары қосылған. Жыл аяғына дейін бұл жүйе ресейлік телекомдардың 90 пайызын қамтиды деген болжам бар. Бұған дейін "Антифрод" жалған нөмір қолданған 135 миллион қоңырауды бұғаттап тастаған.

Түркияда шетелден әкелінген ұялы телефондарды тіркеу үшін жоғары деңгейде салық салынады. Сырттан жеткізілген әр телефонды тіркеу үшін 6091 лира ақы алынады. Бұл АҚШ валютасына шаққанда 200 доллар. Яғни ұялы телефонды тіркеуге 91 мың теңге жұмсалады. Сондай-ақ бұл телефон 3 айдың ішінде міндетті түрде тіркелуі керек. Бұл мерзімнен асып кеткен жағдайда ұялы телефон өшіріледі және мүлде қайтып қосылмайды. Мамандар бұл салықтан жалтарудың алдын алады және қауіпсіздікті қамтамасыз етеді дейді.

Жапонияда кибершабуыл күшейді

Жапонияда кибершабуыл жиіледі. Былтыр қылмыстың бұл түрі алдыңғы жылмен салыстырғанда 58 пайызға өскен. Мамандар кибершабуылға қарсы күрес күшеймесе, чип және басқа электронды бөлшектерді тасымалдауға кедергі туындауы мүмкін деп ескертеді. Бұдан басқа, Жапонияның ауруханалар жүйесіне де кибершабуыл көбейіп, шұғыл операциялар кейінге шегерілген. Осыған байланысты биыл былтырғыға қарағанда киберсақтандыру 30 пайызға артқан.

Михоко Мацубара, NTT компаниясының киберқауіпсіздік жөніндегі бас сарапшысы:

- Жапония Emotet зиянды бағдарламасынан ең көп зардап шеккен ел. Бұл вирус көбіне фишингтік электронды хаттар арқылы таралады. Былтыр өнеркәсіптің, үкімет пен денсаулық сақтау саласының жүйесіне кибершабуыл үдеген ауыр жыл болды. Бопсалаушы бағдарламалар жапондардың әбден мазасын алды.

Бельгияның киберқауіпсіздігі көпке үлгі  

Брюссельде барлық еуропалық институттардың, НАТО-ның және ірі халықаралық ұйымдардың штаб-пәтерлері орналасқан. Сондықтан Бельгияда киберқауіпсіздік инфрақұрылымы өте жоғары деңгейде жолға қойылған. Десе де, арқаны кеңге салуға болмайды. Себебі киберқауіп сипатын өте жылдам өзгертеді. Сондықтан бұл елде киберқауіпсіздіктің стратегиясы мен технологиясы жиі жаңартылады. Бұл іспен Бельгияның Киберқауіпсіздік орталығы арнайы айналысады. Корольдікте 2016 жылдан бері анонимді сим карталарға тыйым салынған. Барлық қолданушылар міндетті түрде тіркелуі тиіс. Сондай-ақ бұл елде IMEI код арқылы өз ұялы байланыс операторыңыздың сайтында телефонды тексеруге және ұрланған жағдайда хабар жіберуге болады.