Бішкек түтінмен күрестің тың тәсілін қолданбақшы

«Жасыл технология» Бішкекті түтіннен құтқарады.

Елдің премьер-министрі Ақылбек Жапаров халықаралық сарапшылармен кездесу барысында осындай мәлімдеме жасады. Қырғыз астанасы ауаны ластаушы фактормен қалай күрес жүргізбек?

Көктем келе Бішкекте ауа тазарып, кең тыныстауға мүмкіндік туады. Үкімет мүшелері дәл осы аралық түтін мәселесін біржақты етуге ыңғайлы маусым дейді. Сапасыз көмір, жылу электр орталықтары мен қаладағы көліктерден шығатын газ - ауаны ластаушы факторлер. Министрлер кабинеті оның әрқайсысын күн тәртібіне шығарып, арнайы мамандар көмегіне жүгінбек.

Ақылбек Жапаров, Қырғызстан министрлер кабинетінің төрағасы:

- Қазір біз жылу электр орталықтарын газға көшіру құнын есептеп жатырмыз. Бұл ретте қаладағы қазандықтарды баламалы қуат көздеріне көшіру үшін халықаралық қауымдастықтың қаржылық қолдауына мүдделіміз. Сонымен қатар біз жаңа ғимараттарды газбен жылытуға белсенді түрде көшудеміз.

Парламентте «жасыл технологиялар» заңы қарауда жатыр. Депутаттар қоршаған ортаны ластайтын барлық нысандардың иелеріне салық салудың ерекше режимін енгізуді ұсынды. Халық қалаулыларының пікірінше, бұл шара экологиялық таза принциптерді енгізуге сеп болмақ. Мәселен, баламалы, яғни ауаға зиянсыз жылу түрін таңдаған үй иелері несиені мүлік салығын аз төлеп, пайыздық жеңілдікпен ала алады. Ал ондай ғимараттарға «жасыл үй» ерекше мәртебесі беріледі.

Мәрлен Маматалиев, Қырғызстан Жоғарғы кеңесінің депутаты:

- Тағы бір бастама - газ шығындылары төмен, тексеруден өткен көліктердің иелеріне «жасыл нөмір» беру. Мұндай көліктерге айыппұл, салық және Бішкектегі тұрақ ақысын төлеу кезінде жеңілдіктер қарастыру қажет.

Парламент қабырғасында талқыланған жаңа заңнан бөлек, Бішкек билігі дәстүрлі дизельдік отынмен жүретін автобустарды да азайтуды қолға алды. Қоғамдық көліктің жаңа легі газбен жүреді. Жыл соңына дейін Қырғызстан астанасына Қытайдан тағы 380 автобус келеді. Ал одан кейінгі мыңдық партия қатарында электр автобустар болады деп жоспарланып отыр. 

Сымбат Ғалымжанқызы, Бақыт Чермашев