Ғалымдар мұхиттардан 100 мың жаңа тіршілік иесін анықтайды
Ағылшын мен жапон ғалымдары мұхиттағы қоректілерді зерттеп, олардың жаңа санағын жүргізуді қолға алды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Мамандар жоба аясында, судағы тіршілік иелерінің 100 мыңдай жаңа түрін анықтап, тізімін жасауды жоспарлап отыр.
Ұлыбритания мен Жапония ғалымдары ауқымды миссиясын Арктикадан бастамақ. Мамандар бағдарлама арқылы жер шарымыздың төрттен үш бөлігін алып жатқан мұхиттардағы жаңа тіршілік иелерін тауып, тізімін жасамақшы.
Алекс Роджерс, Ocean Census жобасының директоры:
- Қазір бізде мұхитта тіршілік иелері туралы түсінігіміз шектеулі. Сондықтан оларды барынша сақтап, келер ұрпаққа жеткізу қиынға соғады.
Ёхей Сасакава, The Nippon Foundation ұйымының төрағасы:
- Адамдар ғарышқа көп мән береді. Ал мұхиттар туралы аз біледі. Жобаны қолға алуымыздың бір себебі де осында.
Ғалымдар жобаны қашықтан басқарылатын аппаратпен жүзеге асыратын болады. Америкалық әріптестер жіберген құрал 4,5 мың метр тереңдікте жұмыс істей алады.
Джиотика Вирмани, Шмидт атындағы мұхиттарды зерттеу институтының атқарушы директоры:
- Бұл аппарат бізге мұхиттың түбін тікелей 4КА форматында түсіріп, көрсете алады. Осылайша, ғалымдар ондағы тіршілікті аппаратты кері қайтармай-ақ зерттей алады.
Ғалымдар бірегей шара мұхиттарды қорғауға көмектесіп, оларды тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді деп отыр. Әсіресе қазіргі климаттың өзгеруіне байланысты жобаның маңыздылығы зор дейді.
Стив Виддикомб, Плимут теңіз зертханасының ғылыми директоры:
- Мұхиттардағы тіршілікті терең түсінбейінше, біз адамзат баласының түрлі әрекеті оларға қалай әсер етіп жатқанын біле алмаймыз. Яғни, оларды жақсы қорғауға қол жеткізу қиынға соғады.
Ауқымды шара 10 жыл жүргізіледі. Осы уақыт аралығында ғалымдар мұхиттардан 100 мыңдай жаңа тіршілікті табуды жоспарлап отыр. Соңғы рет мұндай зерттеу 2000-2010 жылдар аралығында жүргізілген. Ол кезде алып су айдындарынан 1200-дей жаңа тіршілік иесі анықталды.
Авторы: Дәурен Ақашұлы.