Венесуэлаға 115 мигрант оралды
Чили мен Перу шекарасында жағдай түзеле бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Венесуэлаға гуманитарлық рейспен 115 мигрант оралды. Бұған дейін екі ел арасында жүздеген босқын шекарадан өте алмай жүргенін айтқанбыз. Олардың көбі – Чилиде жұмыс істеген Венесуэла азаматтары. Алайда қазір Чилидің өзінде де инфляция шарықтап кеткендіктен, тұрмыс нашарлаған. Сондықтан біразы отанына оралып жатыр. Ал Перу талап еткен құжаттары болмағандықтан, шекарадан өте алмаған. Тіпті шекарашылармен қақтығыс та болған. Енді Венесуэла үкіметі азаматтарын ұшақпен әкетіп жатыр.
Карлиана Браво, Венесуэла тұрғыны:
- Қатты қиналдым. Мұны ешкімнің басына бермесін. Шөлде қаталадық. Суықта 12 түн жаттым. Күндізгі аптапта балаларыма күн өтіп, ауырып қалды.