АҚШ экономикасы дефолтқа ұшырауы мүмкін.
Бұл туралы басқа емес, Ақ үй басшысы Джо Байденнің өзі мәлімдеді. Демек, бұл өзге елдерге де әсері болмақ. Ірі компаниялар банкротқа ұшырап, жұмыссыздар көбеюі мүмкін дейді сарапшылар.
Дегенмен, Конгресс мүшелері қаржы дағдарысына төтеп берудің амалын қарастырып жатыр.
- Қазір АҚШ-та бұл күрделі мәселе болып тұр. Демократтар мен республикашылдар бір шешімге келе алар емес. Бұл уақытта қор биржасындағы акциялар да арзандап барады.
Дефолт қаупі сейілмей тұр
АҚШ-қа дефолт қауіпі төніп тұр. Байденнің айтуынша, Америка экономикасының дефолтқа ұшырауына шамамен 3 апта қалды. Ал мұның салдары АҚШ ғана емес, бүкіл әлем экономикасына ауыр тиюі мүмкін. Күрделі мәселеге байланысты АҚШ президенті Джо Байден мен Конгресс жетекшілері таяуда жиналып, мемлекеттік қарыз шегін көтеру туралы келіссөздер жүргізді. Бірақ ол еш нәтиже бермеді. Демократтар және республикашылдар ортақ мәмілеге келе алмай отыр. Ақ үй басшысы дефолтқа үзілді-кесілді қарсы.
Джо Байден, АҚШ Президенті:
- Егер АҚШ экономикасы дефолтқа ұшыраса, 8 млн жуық адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Компаниялар шығын көлемін қысқартуы тиіс. Дефолт бұл дұрыс шешім деп есептемеймін. Американдықтар салық төлеп отыр, біз мұны ақтауымыз керек. Конгресс бір амалын табуы керек. Менің қызметке келуіме дейін мемлекеттік қарыз 40 процентке өсіпті. Мен қайта қарызды 1,7 трлн долларға қысқарттым. Осыны ескеру қажет.
Тарқатып айтасақ, АҚШ дефолты әлемдік қаржы дағдарысын тудыруы мүмкін. Мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған дейді сарапшылар. Қазіргі уақытта Американың мемлекеттік қарыз лимиті 31,4 трлн доллар. Бұл қазірдің өзінде таусылды, сондықтан Қаржы министрлігі төлемдер үшін капитал резервтерін пайдалануға мәжбүр. Өз тарапынан АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасының спикері Кевин Маккарти соңғы жиында келіссөздер тығырыққа тірелгенін айтты. Ол мемлекеттік қарызды көбейтуге күмәнмен қарайды. Сондай-ақ, бұған Палата өкілдері қарсы болуы мүмкін. Бұған қарамастан, мемлекет басшысы бұл шешімде Конгресті айналып өтуге мүмкіндік беретін Конституцияның 14-ші түзетуін пайдаланатынын жоққа шығармады. Келіссөздердің келесі кезеңі мамырдың 12-сіне жоспарланды.
Чак Шумер, АҚШ Сенатының өкілі:
- Демократтар мен республикашылдар келісімге келе алмай отыр. Маккарти АҚШ дефолттан құтыла алмайды дейді. Бірақ мемлекет басшысы бұл жағдайға жол берілмеуі тиіс деп кесіп айтты. Бірақ экономикамызды құтқаратын нақты қадам, тиімді жоспар жасалуы керек. Уақыт тығыз, сондықтан біз жақында тағы кездесіп, бір шешімге келеміз деген ойдамын.
Бұл уақытта АҚШ акцияларының құны төмендеп барады. Инфляция туралы есеп беру қарсаңында америкалық қор индексі қайтадан минусқа кетіп отыр. Tradingeconomics келтірген деректерге қарасақ, АҚШ-та инфляция наурыз айында 5% деңгейінде тұрақтаған. Таяуда АҚШ-тың Федералды резерв жүйесі базалық проценттік мөлшерлемені қайта көтерді. Мамандар бұл инфляциямен күресу үшін жасалған қадам деді. Қазір үкімет тұтынушылық бағаны ұстап тұруға барынша күш салып отыр. Дегенмен, елдегі ірі банктердің банкротқа ұшырауы ел экономикасын тығырыққа тірегені рас. Қазір ірі электромобиль өндіруші компаниялардың акциялары 10-15 пайызға, ал азық-түлік пен спорттық киім шығаратын атақты брендтердің кейбірінің құнды қағаздары шамамен 5-6 процентке арзандады. Бұл инвесторлар арасында тағы дүрбелең туғызып отыр.
