Баламалы бұл энергияны тұтыну Азия елдерінде әлдеқашан трендке айналған, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қалқымалы күн тақталары қалай жұмыс істейді және қандай пайдасы бар?
Қалқымалы күн панелінің жұмыс істеу тәсілі өте қарапайым. Тақталар судағы салдарға бекітіледі. Энергия өндіретін станцияның құрлыққа емес, су бетіне орналастырылуы жер телімін артық пайдаланудан сақтайды. Тағы бір артықшылық, қалқымалы күн батареясы таза энергия өндіріп қана қоймайды, сондай-ақ булануды болдырмай, суды үнемдейді. Бұл әсіресе құрғақшылық жайлаған Калифорния штаты үшін тиімді.
Шайна Уайт, энергетикалық корпорацияның менеджері:
- Бұл инновациялық жобалардың маңызы өте зор. Технологияны үнемі жетілдіріп отырамыз. Таза энергия алу үшін түрлі жаңа әдіс-тәсілдерді сынап көреміз. Солардың ішінде қалқымалы күн панелінің пайдасы көл-көсір екеніне көзіміз жетті.
Калифорниядағы күн панельдерін халықаралық «Аспан мен жер» компаниясы салып жатыр. Олар бұған дейін 30 елде осындай 270 станция тұрғызған. Осы сәтке дейін АҚШ бойынша 25 қалқымалы күн тақтасын орнатқан.
Крис Бартл, «Аспан мен жер» компаниясының басшысы:
- Панельдерді жағаға арқанмен тартып, жерге 6 метр тереңдікте темір қадамен бекітеміз. Уиндзор қаласының маңындағы мына станция 4 жылдан бері еш ақаусыз жұмыс істеп тұр. Ол күніне 1,8 мегаватт энергия өндіреді.
Мамандар қалқымалы күн панелінен энергия өндіру бойынша қазір әлемде Азия көш бастап тұрғанын айтады. «Кіші құрлық» елдері электр қуатынан түсетін кіріс көлемін 73%-ке жеткізген. Десе де сарапшылар Солтүстік Америка мен Еуропа мемлекеттері дұрыстап ден қойса, алпауыт өндірушіге айнала алады деп болжайды.
Крис Бартл, «Аспан мен жер» компаниясының басшысы:
- Азия елдері қалқымалы күн панелінің пайдасын ерте сезініп, бірден қолданысқа енгізді. Әсіресе мұның игілігін Жапония мен Тайвань сияқты арал-мемлекеттер көріп отыр. Өйткені оларда жер аз, су көп. АҚШ-та қазір бұл сала өте жоғары қарқынмен дамып келеді. Калифорния, Флорида штаттары мен Солтүстік-шығыс аймақта халық өте тығыз орналасқан және жердің бағасы удай. Сондықтан қалқымалы күн панельдеріне деген сұраныс сөзсіз артады.
Қалқымалы күн панелін тереңдеу суға орнатуға шығын көп кетеді. Сондай-ақ ол ашық мұхитта және жиі тербелетін суда немесе асау толқындар соғатын жағалауда жұмыс істей алмайды, - дейді мамандар.
Авторлары: Ернат Мелсұлы, Ернар Нысанбай.
