Пластик әлемге қауіп төндіріп тұр

Кения астанасы Найроби қоқысқа тасталған пластик құтылардың мекеніне айналды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жақында бір топ белсенді оларды жинап, өңдеуді қолға алды. Ал Парижде қоршаған ортаны ластауын азайту мақсатында келіссөз басталды. Ауқымды жиынға 55 ел мен халықаралық ұйымдар қатысып жатыр.

Кения астанасы маңында осыдан жарты ғасыр бұрын ашылған қоқыс полигоны 2000 жылдары ресми жабылған. Бірақ соған қарамастан онда әлі күнге дейін қоқыс тасталады. Әсіресе пластик қалдықтар көп. Шаһардағы бір топ табиғат жанашырлары қоршаған ортаны қорғау үшін айналаны жинап, қайта өңдей бастады. 

Кеннет Очиенг, табиғат жанашыры:

- Пластик қоқыстар қоғамымыздағы ең өзекті мәселенің бірі. Тұрғындардың оларды көрінген жерге тастап, өзендердің ластануы көбейді. Осы себепті оларды жинап орындық, диван, перде сияқты түрлі заттар шығаруды шештік.   

Пластиктен жасалған заттардың қалдықтары әлемдегі көптеген елдің бас ауруына айналған. Мамандар оларды шығару кезінде де қоршаған ортаға келтірілетін залал орасан зор дейді. Мысалы, пластикпен байланысты 13 мың химиялық заттың 3 мыңы өте қауіпті деп танылған. Франция астанасында кеше басталған ауқымды жиын осы мәселені шешу жолдарын табуға бағытталған.

Ингер Андерсен, БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының атқарушы директоры:

- Экономиканың бұл саласы қоршаған ортаға көп зиян келтіріп жатыр. Оларды жасайтын зауыттардан шығарылатын қалдықтар климатты қыздырып, адамдардың денсаулығына кері әсер етіп жатыр. Әсіресе кедей елдер қатты зардап шегіп отыр. Біздің келісімшартымыз осыны тоқтататын құжатқа айналуы тиіс.

Басқосуда БҰҰ-ның Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы 2040 жылға қарай пластик қоқыстарды 40%-ке азайту жоспарын ұсынды. Бұл үшін ең алдымен оларды қайта өңдеуге баса мән беру керектігін айтады.

Ингер Андерсен, БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының атқарушы директоры:

- Мен пластикті аз қолдану немесе одан толық бас тарту үшін өндіретін өніміңізді қайта жобалауға кеңес беремін. Әсіресе қажеті болмаған жерде оны мүлдем қолданбаған абзал.  

Парижде бас қосқан елдер де бұл істе мемлекеттерді әрекет етуге міндеттейтін қатаң келісімшарт қабылдауды ұсынып отыр. Сонымен қатар қайта өңдеуге келмейтін пластиктерге мүлдем тыйым салуға шақырып жатыр. 

Авторлары: Дәурен Ақашұлы.