Өзбекстанда «Жасыл» жобаларға қомақты қаржы құйылды
Еуропалық қайта құру және даму банкі Өзбекстанда қонақүй бизнесін дамыту бағдарламасын іске қосты.
Енді кәсіпкерлер кеңес алып қоймай, энергия көзін тиімді пайдалану әдісін меңгереді. Қаржылық қолдау да қарастырылған.
Өзбекстанда энергетикалық жетіспеушілік мәселесі күн өткен сайын өзекті болып барады. Тек электр қуаты емес, тіршілік нәрі тапшы өңірлер көп. Ел билігі ахуалға еуропалық қауымдастық назарын аударды. Нәтижесінде қаржы институтының өкілдері қонақүй иелерін электр қуатын тиімді пайдалануға үйретіп, тегін кеңес берді. Бағдарлама Әзербайжан, Грузия, Молдова және Армения сынды елдерде жүзеге аса бастаған. Өзбекстан да оған қосылып, қаржылық қолдау алуға қадам жасады.
Шерзод Акбаров, Еуропалық қайта құру және даму банкінің бағдарлама жетекшісі:
- Қазір әлемдегі туризм саласында бәсекелестік жоғары. Қонақүйлер шетелдік саяхатшыларды барлық жағынан қызықтыруы керек. Өзбекстан биыл 7 млн турист қабылдауға ниетті. Біздің банк баламалы энергия жобаларын тікелей әрі жанама түрде де қаржыландырады. Өзбекстандық бизнес осы тетікті қолдана алады. Біз энергия үнемдеу технологиясын үйретеміз.
Жалпы ел бойынша 1500-ден астам қонақүй жұмыс істеп тұр. Туризм саласындағы тың серпіліс кәсіпкерлердің осы салаға жаппай бет бұруына сеп болды. еуропалықтар көбіне «жасыл» технология қолданылатын мейманханаға аялдайды. Бұл олардың – экологияға қосқан үлесі әрі азаматтық ұстанымы. Талапқа сай болу үшін Өзбекстанның қонақжай қауымдастығы сала өкілдерін күн панельдеріне көшіріп жатыр.
Фаррух Шакиров, Өзбекстан қонақүй қауымдастығының төрағасы:
- 2016 жылы елде мейман қабылдайтын 609 қонақжай болған. Оның ішіне барлық түрі енеді. Араға 6 жыл салып, көрсеткіш 2 жарым есе ұлғайды. Қазір 1564 қонақүй бар. Сала қарқынды дамып жатыр. Мақсатымыз бизнес өкілдеріне тәуекелдерді ескере отырып, тиімді жұмыс істеуді үйрету. Соның бір бағыты – «жасыл» технология.
Мемлекетке бұдан келер пайда да көп. Әйтпеген жағдайда электр энергиясына деген сұранысты өтеу қиынға соға бастады. Келешекте Өзбекстан жалпы өндірістегі жаңғыртылған қуат көзінің үлесін 13 процентке жеткізуді жоспарлап отыр. 2026 жылға дейін жаңадан 20-дан аса ГЭС салынбақ.
Көршіміз су энергетикасы саясатын қайта қарап, жылдар бойы тіршілік нәрі жинақталған қоймаларда жалпы қуаттылығы 740 мегаватт болатын станциялар салуға кірісті. Жобаға үкімет еуропалық қаржы институттарын тартқан. Бір ғана Франция бұл іске 6 млн, ал Еуроодақ 1 млн еуро бөліп отыр. Келешекте энергетика саласына құйылған шетелдік инвестиция ұлғаюы мүмкін. Себебі мұнда әлемдік технология бойынша атом электр станциясын салу жөніндегі жоспар да бар.
Авторы: Рауан Мыңбаев