Қазақстан мен БАӘ арасында туризм саласы бойынша тығыз байланыс бар
Екі елдің азаматтары емін-еркін 30 күнге дейінгі визасыз режим арқылы саяхат құра алады.
Аптасына 60 әуе ұшағы қатынайды. Әмірліктерден келетін туристер Алматы қаласына жиі аялдаса, біздің елден баратындар көбіне Дубайда демалғанды ұнатады.
Бибігүл Нысанбаева, тілші:
- Қазақстаннан Дубайға былтыр 234 мың турист келген. Бұл біздегі халықтың 1,2 пайызы, яғни елдегі әрбір 100-нші тұрғын осы әмірлікті көруге, демалуға, ел тануға келді деген сөз. Ал араб әмірлігі тұрғындарының да қазір қазақ жеріне саяхаттауға деген қызығушылығы артқан. Тіпті, Сoogle analytics мәліметі бойынша, Біріккен Араб Әмірліктері «Қазақстанға рейс» деп сұрау салған ТОП-10 елдің тізімінде тұр.
Араб ұлтының азаматтары біздегі тұмса табиғатқа қызығады. Экотуризмге мұндай сұраныстың барын ескерген қазақстандық мамандар Біріккен Араб Әмірлігінің үш қаласында роуд шоу ұйымдастырды. Кездесуге әмірліктердің танымал туристік компаниялары қатысты.
Дияр Асқаров, Алматы қаласы туристік ақпараттық орталығы директорының орынбасары:
- Кеше ғана біз Абу-Даби қаласында роуд шоу өткіздік. Көптеген туристік агенттіктер келді. Олардың сұрап отырғаны басқа да ел азаматтарына визасыз режим берсеңіздер деді. Өйткені, біріккен араб әмірлігінде он миллион тұрғын бар, 1-2 миллионы ғана жергілікті тұрғындары,қалғаны резиденттер. Сол үшін осы мәселені шешсек, әрі қарай турист санын арттырар едік.
Туризм мамандары бұл жолы Алматының небір ғажайып жерлерімен танысты. Оңтүстік астанаға былтыр бір жарым миллион турист келген екен. Оның әрбір төртіншісі – шетел азаматтары. ТМД елдерінен, Еуропа, АҚШ, Латын Америкасы және араб елдерінен келген қонақтар. Олар Алатаудың маңғаз шыңдарына және қазақтың қонақжайлығына тәнті.
Усама Аль-Малки, «Eurasia Gulf» бизнес платформасының атқарушы директоры:
- Бүгінгі шара аясында Алматы қаласының ең әдемі жерлерін көріп отырмыз. Туристік компаниялар үшін танымдық кездесу болды деп ойлаймын. Мұнда айтылған ұсыныстарды әрі қарай туристік компаниялар өз клиенттеріне ұсынады. Нәтижесінде Қазақстанға саяхаттайтын туристердің қатары арта түседі.
Бұл кеште есімі Гиннестің рекордтар кітабына енген төрт дүркін әлем чемпионы Сергей Цырюлников алақанымен шеге қағып, темірден түйін байлап келгендердің таңдайын қақтырды. Жиналғандар қазақтың күйін ұйып тыңдап, дәртүрлі тағамынан дәм татты. Кездесу B2B, екі тарап кәсіпкерлерінің келіссөздерімен жалғасты.
Авторлары: Бибігүл Нысанбаева, Нұраш Райс