Венгриядағы Тиса өзенінде пластик қалдықтары көбейіп кетті
Табиғат жанашырлары он күн бойы қоқыстан тазарту жұмыстарымен айналысады.
Және бұл іске тұрғындардың өздерін тартудың тың тәсілін тапқан.
Венгрияның табиғат жанашырлары бұл игі шараны 2013-ші жылы қолға алған. Содан бері жыл сайын волонтерлер қайықтарға отырып, Тиса өзені мен оның сағаларын пластик қалдықтардан тазартады. Тұрғындарды ынталандыру үшін қоқысты көп жинаған топтарға сыйлық беріледі. Мамандар жоба мұхит суларының тазаруына да септігі тиіп жатыр дейді.
Жолт Тамаш, шараны ұйымдастырушы:
- Өзендер жер шарымызды негізгі ластаушы көздің бірі саналады. Олармен аққан қоқыстар теңіздер мен мұхиттарға құйылады. Сондықтан бастама арқылы ғаламдық мәселені шешуге атсалысып жатырмыз десек болады.
Шара жыл сайын 10 күнге созылады. Еріктілер шағын қайықтарға отырып, өзеннің жағасын сүзіп өтеді. Жинаған қоқысты шағын кемеге тиеп, арнайы орындарға жеткізеді. Жыл сайын Тиса өзенінен 70 мың тонна пластик құты жиналады екен.
Эстер Хосу, ерікті:
- Бастапқыда біз өзеннің үстімен жүріп, ешқандай қоқыс таппадық. Содан оның жағаларына тоқтап қарағанда көрінген жерге тасталған пластик қалдықтарды көптеп кездестіре бастадық. Менің ойымша адамдар қоршаған ортаны қорғауға көп көңіл бөлу керек.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының дерегіне сүйнсек, әлемде жыл сайын 430 миллион шаршы тонна пластик өндіріліп, оның үштен екісі қалдыққа айналады екен. Сарапшылар үрдіс жалғасса дүниежүзінде бұл материалды шығару 2060-шы жылға таман үш есе ұлғаяды деп отыр.
Авторы: Дәурен Ақашұлы