Германиядағы Пергам музейі 14 жылға жабылады

Германиядағы ең танымал музейдің бірі – Пергам 14 жылға жабылатын болды.

Осы уақыт аралығында ғимаратта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмек. Бірінші кезекте ежелгі вавилонның Иштар қақпасын реставрациялау көзделген. Сонымен қатар, музей бөлмелерін жаңғырту жағы да қарастырылған. Алдын ала есеп бойынша бұл жұмыстың бәріне шамамен 1 миллиард еуро кетеді екен. Бір қызығы, музейдің бір айдан кейін жабылатынын естіген жұрт жаппай музейге ағыла бастаған. Тіпті алыс-жақын мемлекеттерден де келген туристер де көбейген. 

Айта кетейін, пергам музейі ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген. Жыл сайын ол 1 миллионнан астам адамды қабылдайды. 

Ван Жун, Оңтүстік Кореядан келген турист:

- Бал айын Берлинде өткізу үшін Оңтүстік Кореядан арнайы келдік. Жаңалықтан Пергам музейінің 14 жылға жабылатынын естігенде бірден билет алып, көне жәдігерлерді бір көріп қалуға асықтық. Себебі біз үшін бұл соңғы мүмкіндік. Ең қатты ұнағаны Иштар қақпасы. Расымен де өте үлкен екен. Түсі де жағымды. Сол заманда адамдардың түрлі түсті эмаль жасай алғандығы қатты таңқалдырды.