Жапонияда зілзаладан 48 адам ажал құшты

Жапонияда жойқын жер сілкінісі кезінде 48 адам ажал құшты.

Бұл ақпаратты Исикава префектурасының әкімшілігі растаған. Тағы 40-тан астам тұрғын түрлі жарақат алған. 32 мыңнан аса үй жарықсыз қалды. Жапонияның орталық аймағында магнитудасы 3 балдан 7,6 балға дейін бірнеше рет жер сілкінді. Осыған байланысты цунами қаупі туралы ескерту жарияланып, кейін ол 20 сағаттан соң алынып тасталды.

Фумио Кисида, Жапония премьер-министрі:

- Біз кешеден бері сенімді және толық ақпарат жинауға барымызды салып жатырмыз. Бірақ Ното түбегінің солтүстік бөлігіне жету мүмкін болмай жатыр. Ол жақтағы жолдар қирап қалған. Тікұшақпен жасалған тексеру лай көшкіні жүргенін, өрт болғанын көрсетті. Аймаққа 1 мың сарбаз жібердік. Қазір цунами қаупі төніп тұрған жоқ.

 

Тағы жер сілкінуі мүмкін

Жапонияда алдағы аптада тағы да жер сілкінуі мүмкін. Бұл туралы осы елдің Метеорология агенттігінің мамандары мәлімдеді.

Естеріңізге сала кетейік, 1 қаңтардағы алғашқы зілзаладан кейін 149 жерасты дүмпуі тіркелген.