Жаңа жыл жапондықтар үшін жайсыз басталды
1 қаңтарда елдің орталық бөлігінде бірнеше зілзала болды.
Соның ең қуаттысының магнитудасы 7,6-ға жеткен. Үш күні бойы жерасты дүмпулері толастар емес. Ал мамандар алдағы күндері магнитудасы 7-ге дейін жететін жер сілкінісі болуы мүмкін екенін ескертіп отыр.
Зілзала құрбандарының саны күн санап артып барады. Соңғы дерек бойынша, 65 адам опат болған. Тағы 100-ден астамы жарақат алды. Көбі - Исикава префектурасының тұрғындары. Бұл табиғат апатынан ең қатты зардап шеккен өңір. Мұнда жер сілкінісінің соңы өртке ұласып, жүздеген үй өртеніп кеткен. Тағы жүздеген ғимарат зілзаланың өзінен қирап қалған.
Тұрғындар жарық пен сусыз отыр
Қазір аймақта үйінділерді аршу жұмыстары жүріп жатыр. Іздестіру-құтқару шаралары да жалғасуда. Бірақ мұнда жаңбыр жауып, мамандардың жұмысын қиындатып отыр. Осы Исикавамен қоса көршілес бірнеше префектураның 60 мың тұрғыны эвакуацияланған. 33 мың үй әлі күнге дейін жарықсыз отыр. Бұдан бөлек интернет пен мобильді байланысқа қатысты қиындықтар да туындаған. Кейбір ауданда тіпті су жоқ.
2 күнде 521 дүмпу болды
Жалпы Жапонияда бүгінді қоспағанда, алғашқы екі күн ішінде 521 жерасты дүмпуі тіркелген. Бұл кейінгі 3 жылда болған зілзала санынан көп болып шықты. Сорақысы сол - мамандар жаңа жер сілкінісінің қайталану қаупі барын ескертеді. Алғашында 20 сағат бойы цунами қаупі сақталған. Сондықтан көбі 2011-жылғы жағдай қайталана ба деп қорықты. Ол кезде жер сілкінісі цунамиге ұласып, Фукусима-1 атом электр станцисында ірі апат болған. Бірақ билік атомдық реакторларға қатысты жағдай бақылауда екенін хабарлайды.
Жығылғанға жұдырық...
Жығылғана жұдырық демекші, осы зілзаладан кейін Токио әуежайында оқыс оқиға болды. Табиғат апатынан зардап шеккен өңірлерге азық-түлік жеткізуі тиіс жағалау күзетінің ұшағы енді қонған жолаушылар ұшағымен соқтығысты. Ішінде 400-дей адам отырған лайнер өртеніп кеткен. Бірақ экипаж мүшелері жылдам әрекет етіп, барлығы дер кезінде эвакуацияланған. 10 адам жарақат алды. Ал жағалау күзетінің ұшағындағы 6 адамның бесеуі көз жұмды. Әуе кемесінің капитаны ауыр жағдайда жатыр. Билік әзірге әуежайдағы апатқа не себеп болғанын айта алмай отыр.
Авторы: Жұлдыз Атагельдиева